Ұлттық банктің Ақтөбе облыстық филиалы қызметкерлері сот отырыстарына жиі қатысып жүр. Биыл 70 несие алушы банктің комиссияға алған шығынын кері қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы уақытта қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден алған несиенің келісімшартын қайта тексеріп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен хабарламадан соң сотқа арыз жазатындардың саны артты. «Ақтөбе ақпарат» орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банктің Ақтөбе облыстық филиалы банк комиссиясының шығынын кері қайтарып алған клиенттердің өскенін мәлімдеді. Үш жыл бұрын алынған және қазіргі несиенің комиссия шығынын кері қайтаруға болады. Алдымен клиент сотқа арыз түсіріп, талаптарын қоюы керек.
«Банк клиенті сотқа арыз түсіріп, комиссияның негізсіз төлегенін дәлелдеуі керек. «Банктер және банк қызметі туралы» Заңы бойынша банк комиссияға ақша ұстайды және оның құны қанша болатынын өздері белгілейді. Екі тарап арасындағы дауды тек сот анықтап, шешімі шығарылады. Жыл басынан бері біз 70-тен астам сот отырысына қатысқан болатынбыз. Басым бөлігінде банктер клиенттеріне комиссия шығынын қайтарып жатыр. Мұндай жағдай барлық екінші деңгейлі банктерде тіркелді», – деді Ұлттық банк филиалының бөлім басшысы Жанат Айтбай.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 308 миллиард теңге несиелік берешек бар. Олардың 24 миллиард теңгесі проблемалық несиеге жатқызылған. Статистикалық мәліметке сүйенсек, берешектің тең жартысы заңды тұлғаларға тиесілі.