Ақтаулық келіншек үш баласымен бірге қайда барарын білмей дал болды. Оны күйеуі аяғы ауыр күйінде үйге кіргізбей, екінші әйелмен бірге тұрасың деп қорқытқан.
Бұл туралы келіншек NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Төртінші баласына аяғы ауыр келіншек қайда барарын білмей отырғанын айтады. Келіншектің айтуынша, екінші әйел алам деген күйеуі оны үйден қуып шықпақ.
“Мен күйеуіме ренжіп кеттім. Ол өз қатесін түсінсін деп ойладым. Алайда ол қазір өзімді кінәлайды. “Енді керегің жоқ, басқа әйел аламын. Көнсең бірге тұр, көнбесең кет”, – дейді. Енем де келсең өзің үшін келдің, сені ешкім ұстап тұрған жоқ деп, қорлауын тоқтатар емес. Бір айға жуық уақыт болды. Күйеуім үйге бір келіп, бір келмейді. Біз махаббатпен қосылып, сүйгендіктен үйленген едік.
Осылай болар деп ойламадым. Үйден кеткенде де арам ойым болған жоқ. Ойлансын, арақ ішуін азайтсын, отбасына көңіл бөліп жұмыс істесін деген ой болды. Ал мен қазір үш баламмен, ішімдегі төртеумен қайда барарымды білмей отырмын. Сегіз жыл бойы үйімнен бір рет те кетіп көрмеппін. Діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да өз міндетімді білемін. Дұға етіп, қанша жетіспей жүрсек те, шүкір деумен келдім.
Үнемі демеп, ер-азаматым деп сыйлап жүрдім. Менің қатты көңілім қалды. Күнде ауыр сөздерді естимін. Іштегі баламды аяймын. Кетіп қалайын десем, барар жерім жоқ. Ата-анамның қолында келін бар. Міне, күні кеше ғана енем де, күйеуім де заттарыңды жина де кет, сен ешкімге керек емессің деп айқайға басты”, – деп өз проблемасымен бөлісті Жадыра.
Бұл тығырықтан қалай шығатынын білмеген келіншек, денсаулығының да күннен күнге сыр беріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, аяғы ауыр болғандықтан, ол көп нәрсені кешіруге мәжбүр болып отыр.
“Ел ағалары ақыл айтса деймін, ұл десе ұлын, қыз десе қызын туып бердім. Неге қазақтың жігіттері қазір екінші әйел алу дегенді шығарып алды? Бұрынғы бай-манаптардың заманы емес, неліктен үйіндегі аяулы жарын осылайша мазақ қылуға құмартып алды? Мен соны түсінбей қиналамын, жауапкершілік деген қайда қалды?”, – деп ашуланды ол.