Мәжілісте еліміздегі ауызсумен қамту бағдарламаларының орындалуында жіберіліп жатқан қателіктер қатаң сынға алынды.
Атап айтқанда, су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділіктің болмауы, сонымен бірге, елді-мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың жоқтығы баса айтылды.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен «Қазақстан Республикасының елді-мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы парламенттік тыңдалым кезінде айтылды деп, хабарлады Baq.kz.
«Су бар жерде береке де бар» дей келіп, Мәжіліс төрағасы біздің елімізде ауызсу мемлекеттік деңгейдегі негізгі сұрақтардың бірі екеніне тоқталды.
Осы салада «Таза ауыз су», «Ақ бұлақ» сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта «Өңірлерді дамытудың 2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жол» арқылы жалғасын тауып отыр.
«Оны заңдық тұрғыдан қолдау үшін Мәжілісте де көптеген шаралар атқарылып келеді. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасап, бюджеттен қосымша қаражаттар бөлуге де ерекше ықпал еткен. Сондықтан, ауызсу мәселесін шешуге мемлекеттен жыл сайын керек қаржы бөлініп отыр.
Ендігі мәселе – оны тиімді пайдалану.
Ал, ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай, жер асты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы, ауызсу мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді», – деді Мәжіліс төрағасы.
Сонымен бірге, Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, халық арасында суды үнемдеп пайдалану туралы ақпарат жұмыстарын жүргізудің де маңыздылығы зор.
ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының баспасөз қызметі мәлім еткендей, одан әрі, Мәжіліс төрағасы елді-мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде орын алып отырған олқылықтарға тоқталды.
Ол – су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділіктің болмауы, сонымен бірге, елді-мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың жоқтығы.