Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
-13
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Талып қала жаздапты…”. Саясаттанушы орыстілділерге тіл үйретудің керемет тәсілін айтты

90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстония мемлекеттеріндегі орыстілді тұрғындар жергілікті халықтың тілін – мемлекеттік статус алған тілді – мойындамай, Кеңес өкіметі кезіндегідей, басқалардың орыс тілінде сөйлеуін талап етуін тоқтатпады.

Мемлекеттік тілді білуді, үйренуді керек етпеді. Бұл елдерде де біздердегі сияқты, алғашқы кезеңде «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу, қолдану – сенің парызың» деген сияқты ақыл-кеңестер, жұмсақтап айтулар болды.

Алайда орыс тілді азаматтар «өзгелермен түсінісу үшін мен олардың тілін білуге тиісті емеспін, менімен түсінісу үшін басқалар менің тілімді білсін!» деген шовинистік, ақымақ ұстанымнан айрығылары келмеді.

Мемлекеттік тілді міндеттеу басталғанда орыс тілділер «біздің тілімізді кемсітіп жатыр!» деген айқай-шу көтеріп, жалайырға жар салды. (Айта кету керек, «біздің тіліміз кемсітіліп жатыр» деген жылау мен зарлау – бейшара орыс тілділердің ең тиімді тәсілдерінің бірі).

Бұндай арсыздықты күтпеген Прибалтика елдерінің мемлекеттік органдары алғашқыда тосылып та қалды. Алайда, осы жағдайда, елу жылғы орыс тілділердің езгісін көріп, қандары қайнаған жергілікті ұлт өкілдері жаңа тәсілді – мәдениетті, адам құқығын бұзбайтын жаңа әдісті ойлап тапты.

Бұл тәсілдің негізінде «Сенің қандай тілде сөйлейтініңде менің жұмысым жоқ, ал мен өзімнің тілімде сөйлеймін» деген ұстаным жатты.

Жоғарыдағы елдердің дүкендері мен кассаларында, транспорттары мен тұрмыстық қажетті өтеу орындарында, т.т. орыс тілінде сөйлеген адамдарға мемлекеттік тілде, сол мемлекетті құрған ұлттың тілінде жауап беріле (немесе мүлдем жауапсыз қалдыру да орын алды) бастады.

Алғашқы кезеңде орыс тілділер аңтарылып қалды да, кейіннен «орыс тілін кемсітушілік (дискриминация) жүріп жатыр!» деп сан түрлі орындарға, адам құқығын қорғайтын, бақылайтын Еуропа ұйымдары мен құрылымдарына арыздар жазып, көмек сұрады.

Алайда бұл мәселені тексеруге келген сан түрлі комиссиялар адам құқығының бұзылуының ешқандай да дерегін таба алмады.

Прибалтиканың жергілікті тұрғындары: «Маған орыс, ағылшын, неміс, т.б. тілдерде сөйлеген адамға ешқандай ренішім жоқ. Себебі, әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз.

Сондықтан басқа тілде сөйлеген адамға «Аузыңды жап, біздің мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілмен сөйлеуге тиіссің» деген сөзді айтпаймыз. Бірақ олар да біздің қай тілде сөйлеуді таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар» деп жауап берді.

Орыс тілділердің: «Олар орыс тілін біледі, ал мен латыш тілін білмеймін. Сондықтан олар бізге орыс тілінде жауап берулері керек» деген сөздерін естіген еуропалық адам құқығын қорғаушылар талып қала жаздапты.

Естерін жинаған комиссия мүшелері: «Кешіріңдер, олардың – латыштардың – іс-әрекетінде адам құқығын бұзатын ешқандай белгі жоқ. Олар сендердің ауыздарыңды жауып, латыш тілінде сөйлеуге мәжбүрлеген жоқ. Үнсіз тыңдап, түсінбегендері жауап бере алмай, ал түсінгендері өз тілдерінде жауап берді.

Бұл жерде ешқандай тілдік дискриминацияны көріп тұрған жоқпыз. Егер сендерге орыс тілінде сөйлеуге тиым салса, тілдік дискриминация деп соны айтуға болады. Жергілікті ұлттың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілдерін, мемлекеттің тілін құрметтеуі ғана.

Бұл – олардың таңдауы. Ал сіздердің «менің түсінетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің – барып тұрған бассыздық, адам құқығын сыйламаушылық» деген тұжырым айтыпты.

Ұзын сөздің қысқасы,

осы «прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін – мемлекеттік тілді – тірілтіп алды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз