Танымаса да, өлтіріп кетті. Атырауда ақтаулық азамат 50 жерден пышақталып, қаза тапты. 39 жастағы Иван Грабовты о дүниеге аттандырған қырғыз елінің азаматы екен. Астрахандағы оқуының сессиясын ойдағыдай тапсырып, Атырауға жеткен Иван Грабов досы екеуі жүрек жалғамақ болып, вокзал маңындағы асханалардың біріне кірген. Бірақ алаңсыз тамақ ішіп отырған жігітті қырғыз азаматы әй-шәй жоқ, пышақтай жөнеліпті, деп хабарлады КТК арнасы.
“Дәрігермен сөйлескен едім, ол күйеуімнің алған жарақаттан тірі қалуы мүмкін еместігін айтты. Бауыры мен өкпесі, тіпті бас сүйегі де езіліп кетіпті. Менің суреттерден көргенім, жауыз оны аңшылық пышағымен өлтірген”, – дейді марқұмның жары Лариса Грабова.
Оқиға жексенбі күні таңғы 5 жарымдар шамасында асханада болған. Үстелде досымен бірге тамақ ішіп, жайбарақат отырған Иванға күдікті келіп, әй-шайға қарамастан ту сыртынан пышақ салыпты. Оқиғаның көз ілеспес жылдамдықпен болғаны соншалықты, ешкім де көмекке келіп үлгермеген.
“Ол әдейі өлтіретін адам іздеген секілді. Өзімен пышақ алып жүрген. Менің ойымша, ол гипноздың әсерінде болған немесе психикалық ауытқуы бар адам. Неге олардың кесірінен басқалар зардап шегуі тиіс?Мені күйеуімнен, балаларымды әкесінен айырды”, – дейді Лариса Грабова.
Иван Грабов жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келгенше қайтыс болған. Ал, күдіктіні полицейлер сол маңдағы бейнебақылау камераларының бірі арқылы тауыпты. Қазір қырғыз елінің азаматы тергеу абақтысында отыр.
“Жалпы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары ҚР ҚК-нің 99 бабы, 2-бөлігі, яғни қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша жүріп жатыр”, – дейді Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева.
Ал қазір осы іске қатысты түрлі сараптама тағайындалған. Күдіктінің ақыл-есінің дұрыстығы да осы тексерістерден кейін белгілі болмақ. Егер кінәсі дәлелденіп жатса, 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.