Қазақстандық «Қайрат» футбол клубының құрамында ойнап жүрген Андрей Аршавин «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көрсетілетін 2018 жылғы Әлем чемпионатының комментаторы болмақ.
Бұл туралы «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин айтты.
Сонымен қатар, бұл туралы Андрей Аршавинның өзі «Түнгі студия» бағдарламасында айтқан болатын.
Павел Цыбулин Андрейдің неліктен комментатор болатынын үш себеппен жеткізді:
” Біріншіден, Аршавин посткеңестік кеңістікте соңғы онжылдықтағы үздік ойыншылардың бірі. Екіншіден, танымал алматылық клубтың көшбасшыларының қатарында. Үшіншіден, Әлем біріншілігі Ресейде өтеді. Бұл да қызығушылық тудыратын себеп», – дейді телеарна директоры. Әзіл түрінде ойын жеткізген П.Цибулин футболшыны бірге жұмыс істеуге шақыратынын атап өтті.
Бұдан бөлек, телеарна басшысы «Qazsport»-та комментаторларға іріктеу жүріп жатқанын айтып өтті. Бірінші кезең нәтижесі бойынша 503 үміткердің 271-сі кастингтен өтуге шақырту алды.
Екінші кезеңге 47 адам жолдама алды. Алдағы уақытта олардың тек 20-сы іріктеп алынады. Кейін телеарнаның kazsporttv.kz сайтында дауыс беру арқылы үздік ондық анықталады. Олардың кандидатуралары Корпорацияның көркемдік кеңесінде қаралатын болады.
Көркемдік кеңеске филологтар, журналистер, блогерлер, БАҚ басшылары, спорт федерацияларының өкілдері және Олимпиада чемпиондары кіреді. Кастинг желтоқсан айында толығымен аяқталып, жаңа комментаторлар жұмыстарына 2018 жылдан бастап кірісетіні күтілуде.