Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков БҰҰ резолюциясын талқылап жатқан кездегі қырғыз елінің тосын мәлімдемесіне қатысты өз ойын айтты.
Айта кетелік, кеше Бішкектің ресми өкілі Біріккен Ұлттар Ұйымның жиынында сөз сөйлеп, Қазақстан шекарада жасанды кедергілер жасап отыр деп мәлімдеді.
– Бұл арада айтылып отырғанның көбісі шындыққа жанаспайды, – дейді саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Тengrinews.kz порталына берген сұқбатында.
– Одан кейін, БҰҰ талқылаған резолюцияның Қазақстан мен Қырғыз Республикасының қарым-қатынасына еш қатысы жоқ. Бұл резолюцияда дамыған елдер дамушы елдерге қысым жасамауы тиіс деген басты қағидат бар. Олар соны негізге алса керек…
Әйтпесе, талқыға ұсынылған резолюцияның екі елдің қарым-қатынасына еш қатысы жоқ. Резолюция жалпылама мазмұнға ие. Ол 1989 жылдан бері бар құжат. Оны кезінде „77 тобы„ атынан Эквадор ұсынған еді. Қазір оған 100-ден аса ел қатысады. Бір қызығы, ол топқа Қырғызстан енбейді.
Сондықтан бұл мәлімдеменің Қазақстанға ешқандай зияны жоқ. Қырғыздар бұл ұйымға мүше емес. Одан кейін, оны айып деп айтуға еш келмейді.
Өйткені айып деген ресми түрде жазылып, ресми талқылауға ұсынылып, ол бойынша ресми шешімі бар құжат қабылдануы керек. Ал бұл өзге талқылау кезінде арасында айтылып қалған бір пікір секілді болды. Сондықтан оның заңдық күші жоқ.
Қалай дегенмен де Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты Қазақстан өзінің ресми ұстанымын әлдеқашан білдірген.
Қазақстан қырғыз тарапын екіжақты диалогқа шақырып, арадағы мәселелерді екіжақты келіссөз шеңберінде шешуді ұсынған болатын, – дейді ол.