Естеріңізде болса, таяуда “Ninety one” тобы q — pop пістеcін шығарушы кәсіпкерге хат жолдаған болатын. Сөйтіп, суреттерін заңсыз пайдаланғаны үшін, бес миллион теңге моральдық өтемақы талап еткенді. Бірақ, бизнесмен мемберлерге көк тиын да ұстатпаймын деп табандап отыр.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
Q— pop пістені өндіруші кәсіпкер, қорапта бейнеленген «Найнти уандық» мемберлер емес, оларға ұқсас жандардың суреті деп сендіруде.
“Жұмысымды тоқтатпаймын. Мысалға ертең, кью-поп деген семечкидің сыртында, бір қыздың суреті шығуы мүмкін. Апаның суреті шығуы мүмкін, атаның. Әрқайсысына мен моральдық өтем төлеп жүре алмаймын ғой”, – дейді кәсіпкер Азамат Құрманғалиев.
“Ол жерде дәл біздің бесеуміздің бетіміз бейнеленген. Және де дәл сол суреттерді желіден табуға болады. Өте оңай. Ол нәрсені бетпе-бет көрсету де өте оңай. Ол нәрсені дәлелдеу де өте оңай”, – дейді 91 тобының жігіттері.
Топ продюсеріне, пісте шығарушы тауарын мемберлер арқылы жарнамалағысы келетіні туралы ұсыныс тастаған көрінеді. Көңіліме қонбаған соң, бас тарттым, – дейді Ерболат Беделхан.
Бірақ, діттегенін заңсыз жүзеге асырған бизнесмен, продюсердің шамына тиген.
“Базарда біздің заңымыз бұзылып жатады күн сайын. Бұнымен күресу енді қиын. Бірақ, дегенмен де назарымызды аударып, соған бір қолымыздан келгенше іс жүргізіп жатырмыз. Бұл мен үшін өте маңызды”, – дейді продюсер Ерболат Беделхан.
“Әрдайым отандық өнімдерді қолдаймыз және де отандық өнімдердің көбірек болғанын қалаймыз. Алайда, бұндай нәрсенің барлығы заңды түрде болса, өте жақсы болушы еді”, – дейді 91 тобы.
Мұндай кикілжіңдер жігіттердің шығармашылығына кедергі. Сондықтан, мемберлер де, Ерболат Беделхан да істің сотқа жетпей аяқталғанын қалайды.
“Бұның бәрін ушықтырмай, сотқа да жеткізбей бір жөнге салуды, бір келісімге келетініме сенімдімін. Соны қалаймын”, – дейді Ерболат Беделхан.