Тойға бара жатып, ажал құшты. Көкшетау-Петропавл тас жолында болған сұмдық жол апатынан бір көліктегі 4 адам қаза тапты. «Ланд крузер Прадо» мен «Делика» бетпе-бет келіп соғысып, екі көліктің де сау-тамтығы қалмаған. Жол апатынан зардап шеккен 6 адам қазір ауруханада жатыр. Олардың бірі – сәби, деп хабарлайды «КТК» телеарнасы.
Мұратбек Бекмұхамбетов, травматолог- дәрігер:
– Барлығының жағдайы өте қиын. Жарақаттары көп алған. Бәрі ем алып жатыр. Қажет болған науқастарға жедел операция жасалды.
Ал «Деликада» болған жігіттердің біреуінің беті бері қарады.
Рамазан Қаһаров, зардап шегуші:
– 4 адам Астанаға кетіп бара жатыр едік. Қарсы жақтан екінші жолақта «Прадо» келе жатты. Аяқ астынан оның артынан басқа джип атып шықты да, бізге бетпе-бет келіп қалды. Оңға кетіп үлгермедік. Ар жағы есімде жоқ
«Деликадағы» 4 жігіт құрылысшылар екен. Солтүстік Қазақстанда көпір салып болып, Астанаға қайтып бара жатқан. Ал оларға қарсы келген джип Екібастұздан шығыпты. Ондағы қаза тапқан төртеудің екеуі – ерлі-зайыптылар.
– Оқиға Көкшетаудан 10 шақырым қашықтықта болды. Бетпе-бет келіп соғысып, сау-тамтығы қалмаған көліктердің сынықтары бұл жерде әлі де шашылып жатыр. Болжам бойынша, жол апатына «Прадо» себепкер болған. Қаза тапқандардың бәрі де джипте отырған адамдар.
Жан сақтау бөліміндегі адамдардың екеуінің жағдайына дәрігерлер әлі де алаңдаулы. Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.