Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жолдады.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап “Егемен Қазақстан” газеті жазды.
Жеделхатта Си Цзиньпин Қытай Коммунистік партиясының 19-шы Бүкілқытайлық съезінің өтуімен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы болып қайта сайлануымен құттықтағаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. ҚХР Төрағасы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға беріп, саяси өзара сенімнің үздіксіз нығайып келе жатқанын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асырудың нәтижелілігін атап өтті.
«Қазіргі халықаралық және өңірлік жағдайда екі елдің игілігі үшін Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың, сондай-ақ өңірдегі және бүкіл әлемдегі өркендеу мен тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығы артып келеді. Мен Сізбен бірге партияларымыз бен елдеріміз арасындағы жан-жақты және терең дамыған қарым-қатынастарымызды одан әрі жандандыра түсу үшін күш жұмылдыруға әзірмін», – делінген жеделхатта.