Қазақстанда 21 жылда жасанды ұрықтандыру арқылы 14 мың бала дүниеге келді. Бұл туралы бүгін Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының ІХ xалықаралық конгресінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазақстанда 1996 жылдан бері қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен 14 мың бала дүниеге келді. Мемлекеттен бөлінген 3,8 млрд теңгеге кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі барысында 4783 цикл жасалды. Нәтижесінде 1532 бала өмірге келді. Жалпы алғанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі 32 пайыздық нәтижені құрады», – деді вице-министр.
Оның айтуынша Қазақстанда 14 мыңнан астам әйел мен 1 мыңнан астам еркек клиникаларда диспансерлік есепке тұрған. Алайда қосалқы репродуктивті көмекті қажет ететін отбасылар санын нақты айту қиын деп отыр.
«Биыл 900 квота болды, келер жылы да бедеулікті тегін емдеуге мемлекет 900 циклға қаржы бөледі. Диагностикалық әдістер жиынтығы мен емдік дәрілердің бағасына қарай құны 700-800 мыңды құрайды», – деді ол.
Еске сала кетсек, 1996 жылы елімізде жасанды ұрықтандырудың арқасында алғашқы сәби өмірге келді. 2010 жылдан бастап қосалқы репродуктивті көмекті қажет ететіндерге мемлекеттен қаржы бөлініп келеді.