Әлемнің көгінен жарқ еткен кішкентай жұлдыздың бірі – қазақ қызы Дәнелі Төлешова. Оның жасы небәрі 10-да ғана. Бірақ оның таланты қазірдің өзінде әлемдік деңгейді бағындыра алатын әнші ретінде бағалануда.
Сондықтан оның аты-жөні „Қазақстанның 100 жаңа есімі„ тізімінен орын алуы орынды болар еді деп ойлаймыз.
Айта кетелік, 10 жасар алматылық қыз – Данэлия Төлешова Украинадағы «Голос. Дiти» шоуында жарқ етіп, әділ қазыларды таңғалдырып, өз талантымен көптің көзіне түсті. Біздің қыздың сахнаға шыққанына бірер минут болмай теріс қарап отырған төрт қазы да креслосын оған бірден бұрды. Өйткені олар мұндай дауысты осы күнге дейін естіп көрмепті.
Телешоу қазыларының бірі Наталья Могилевская Дәнелінің өнерін бұл байқаудың тарихындағы ең үздігі деп атап өтті:
«Ғажайып дауыс, керемет! Бұл видео әлем бойынша сан мың мәрте қаралатын болады. Оған 100 пайызға сенімдімін! Сен қай командаға барсаң да, осы байқауға келуіңнің өзі бізге абырой».
Ал тағы бір қазы қыздың аяғына жығылып, Құдайдың жерге жіберген періштесі деп жұрт көзінше табынды.
Дәнелі өзіне Дмитрий Монатик деген әншіні тәлімгер ретінде таңдады. Айта кетелік, бұл жоба әлі өз мәресіне жеткен жоқ. Сондықтан оның қорытындысын айта алмаймыз.
„Мұндай көлемдегі сахнаға шығу – маңызды шешім, енді соңына дейін баруымыз керек. Бір істі бастап қойған соң оны аяқтау қажет қой. Егер орта жолдан тоқтасақ, онда осы жоба аясында бізге қолдау білдірген барлық адамның сенімін аяқ-асты еткен болмаймыз ба? Қызымыздың таланты өз бағасын алса дейміз, қазіргі біздің бар тілегіміз осы„, – дейді Дәнелінің анасы.
Осы тележоба аясында Дәнелі Тбилисиде өткен Eurovision Junior 2017 фестиваліне қатысып, елдің үлкен қошеметіне тағы бөленді.
Бұл фестивальге Дәнеліден бөлек республикалық байқаулардың жүлдегерлері Дания Ишанқұлова, Алуа Серікханова, Мұзарт Құрманәлі және халықаралық байқаудың лауреаттары Мұхаммедәлі Жүгүнісов, Мария Затварницкая мен Мерхат Жылқыбаевтар да қатысты. 12 жасар Мұзарт Құрманәлі халық әні „Дайдидауды„ шырқаса, Дәнелі мен Мұхамедәлі Жүгүнісов „Мама, папа„ әнін айтып, көрермендердің көңілін көтерді.
Неге Данэлияны Дәнелі деп отырғанымызға келетін болсақ, оның өзіндік тарихы бар. Оған да қысқаша тоқтала кетелік.
Негізі, Данэлия деп жүргеніміз Дәнелі екен. Құжатты толтырғанда ол орысша жазылып кетіпті. Иә, Дәнелінің әкесі қазақ.
Дәнелінің отбасы бес жаннан тұрады: ата-анасы, інісі – Тимур, сіңлісі – Амели. Анасы үйде балалардың тәрбиесімен айналысады. Арнайы музыкалық білімі болмаса да Елена ән айтқанды жақсы көреді екен. Ал әкесі Александр Төлешовтың арнайы музыкалық білімі бар. Қазір әкесі қыздың музыкалық карьерасын түзуге белсенді түрде ат салысып жатқан көрінеді.
Дәнелінің шешесі қызының таланты тұқымнан берілгенін айтады. Нағашы апасы да, өз апасы да әнші болыпты.
„Бірақ арнайы сахнаға шықпаса да көңілді ортаның гүлі еді ол кісілер„ – дейді Елена.
Қыздың анасы Данэлия деген есімнің өздеріне ұнайтынын айтады, өйткені ол сахнаға көбірек келеді, бұл да бір Құдайдың белгісі шығар деп санайды.
«Данэлия – қазақ, ата-анасы секілді. Ең басында берілген есім Дәнелі (зерно, страна – авт.) еді, бірақ туу туралы куәлікті тіркеу кезінде ол Данэлия боп жазылып кеткен. Осылайша сахнаға келетін есім шықты. Мүмкін бұл да бір белгі болған шығар.
Ал шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешовке біздің ешқандай қатысымыз жоқ.
Тек тегіміз ұқсас болғаны болмаса», – дейді қыздың анасы.
Олар кез келген ата-ана секілді баласын дамыту үшін түрлі үйірмелерге қатысқандарын айтады. Тіпті, балетке де беріпті.
– Ол кішкентай кезінен түрлі жетілдіру орталықтарына баратын. Бірақ 3 пен 6 жас аралығында бізге қиын болды, өйткені қызымыз зақым алды. Дәрігерлер оған іс-қимыл белсенділігіне шектеу қойды. Дегенмен кейін ол кәсіби бимен шұғылдана бастады. Данелиямыз балеттен жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүрді.
Ал әнмен ол кәсіби тұрғда 8 жасынан бастап қана айналыса бастады. Алғаш рет байқауға осы кезде қатысты. Қысқа уақыт тәжірибесімен „Аялаған Астана„ телебайқауының іріктеу сынынан өтті. Одан кейін гран-при алды. Өзіміз таң қалдық. Сол кезде ғана оны әншілікке бағыттауды ұқтық. Кәсіби ұстазды содан соң жалдадық, – дейді Елена Төлешова.
Дәнелі бес аспап екен, яғни қарымы мен қабілеті мықты.
«Мысалы, ол өзі видео монтаж жасағанды жақсы көреді, мүмкін болашақта ол өз клиптерін өзі түсіретін шығар. Ол суретті де жақсы салады. Киім тігіп, киіндіретін қуыршақтары да көп. Бірақ оған қарауға қазір мұршасы болмай жүр. Сабағы басталды, оның үстіне шоудың келесі кезеңіне дайындалуымыз керек», – дейді Дәнелінің анасы.
Дәнелі еліміздегі мәдени іс-шараларына да белсенді ат салысып, сахнаның гүліне айналған. Ол мектептегі үздік оқушы. Музыкалық мектепте білім алады десеңіздер, қателесесіздер. Ол Алматыдағы физика-математика мектебінің оқушысы. Сондықтан да яғни логикасы жүйрік қыздың барлығын ақылмен істейтіні көрініп тұр. Бұл оның сөздерінен де байқалады.
– Әрине, әнші болам ғой. Бірақ мектепті қызылға бітірсем деген тілегім де бар. Иә, әншілікке бет бұрдым екен деп сабағымды тастап кетпеймін. Ол маған керек. Одан ұтпасам, ұтылмаймын ғой. Өмірде нешеме түрлі жайт болады, – дейді Дәнелі отандық телеарнаның біріне берген сұқбатында.