ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен вице-премьер Асқар Мырзахметов “Нұр Отан” партиясы саяси бюросының құрамынан шығарылды.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
“Партия құрамына сәйкес, бюро құрамына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Кәрім Мәсімовтың өткен жылы қыркүйекте Ұлттық қауісіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалуына байланысты оны бюро құрамынан шығаруымыз керек”, — деді Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
“Бюро мүшесі Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарады. Бұл құқық қорғау жүйесі. Партия жарғына сәйкес құқық қорғау жүйесіндегі жұмыс пен партияға мүшелікті қатар алып жүруге болмайды. Сондықтан ол бюро құрамынан шығарылды, яғни құқық қорғау органдарында қызмет еткен уақытта партия қызметімен айналыспайды”, — деді отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне “Нұр Отан” партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.
Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов те партияның саяси бюросы құрамынан шығарылды.
Жұмашевтің айтуынша, министр қазір ауылшаруашылығы өнеркәсіп кешендері мәселелеріне көп көңіл бөледі. Сондықтан оны бюро құрамынан шығару туралы шешім қабылданған. Ал ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков саяси бюро құрамына қосылды. Оның кандидатурасына саяси кеңес мүшелері бірауыздан қолдау көрсетті.