Кенияда президентті қайта сайлау кезінде жаппай ереуілдер өтті, деп хабарлайды 24.kz.
Найроби провинциясының Кибера қаласында полицейлер мен оппозиция күштері арасында қақтығыстар басылмай тұр. Оппозиция сайлауға бойкот жариялап, жолдарды бөгеп, дауыс берушілерге қоқан-лоққы көрсетіп жатыр.
Мулле Мусау, Election Observation Group өкілі:
– Елдің кейбір аудандарында дауыс берушілерге қоқан-лоққы көрсетіп жатыр. Олар қорыққандықтан дауыс беруге бармайды. Бұл сайлаудың әділетсіз өтіп жатқанын білдіреді.
Еске сала кетейік,
тамыздың басында Кенияда президент сайлауы өтті. Қазіргі президент Ухуру Кениата дауыстың 55 пайызын жинап, жеңіске жеткен еді.
Алайда елдегі наразылық шараларынан кейін Жоғарғы сот сайлау қорытындысын заңсыз деп танып, оның күшін жойды.
Оппозиция көшбасшысы Раила Одинга дауыс беру процесіне бойкот жариялауға шақыруда. 8 тамыздан бері қақтығыстар салдарынан 50-ге тарта адам ажал құшқан.