Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Сағынтаевтың кемшілігі мынада…”. Саясаттанушы Үкіметбасының бір қателігін айтты

177

“Сағынтаев па? Иә, ол талай қызметте тер төкті. Биліктің барлық сатысынан өткен. Министр де болған, әкім де болған, вице-министр де болды, бірінші вице-министр болды. Білікті. Тәжірибелі.

Дауға шатылған кезі есімізде жоқ. Мұндайдан тысқары жүреді. Тұрмыстық, саяси, коррупциялық жанжалдардың бел ортасында Сағынтаевтың төбе көрсеткенін естімеппіз. Көрмеппіз. Білмейді екенбіз.

Бір кемшілігі бар, бірақ. Командасын тасып жүреді. Мемлекеттік қызметте, бұдан қалды, квазимемлекеттің салада Сағынтаевтың туысқандары өріп жүр. Көп. Өте көп…

Тағы бір жайтты тілге тиек етейін: Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысы Мұрат Оспановты осы қызметке “ұсынған” Сағынтаев-тұғын. Бұл екеуі Керекуде бірге істеді, Астанада бірге істеді. Сөйткен Оспанов қайтті? Сотталды. Қазынаның қаржысын жегені дәлелденді. Жегенін қайтарды. Абақтыдан айыппұл төлеп құтылды. Бұл Сағынтаевтың атымен байланысты жалғыз жанжал.

 

Келесі президент кім?

Назарбаевтың орнына осы кісі келеді (Сағынтаевтың айтады) деген болжам бар екен. Бар болса, оның бойында осы қызметке лайық пайым-парасат, қадір-қасиет бар ма?

Кейбір сәуегейлер: “Сағынтаевты Назарбаевтың орнын басатын мұрагерлердің тізімінде бар” деп есептейді. Солай да шығар.

Бір кемшілігі бар, бірақ.  Айналасын баурап алатын тартымдылығы, мысы басып тұратын тұлғалығы, төңірегіне сөзі өтетін  айбыны анау айтқандай, асып түсер деңгейде емес.

Иә, басқарушы ретінде мықты. Сауатты маман. Шалыс баспайды, қате жібермейді. Осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройы да өзінде. Айтпақшы, сынға қалғанды суқаны сүймейді. Минималист.

Оның Үкіметбасы қызметіне тағайындалуы, оның мінездемесі, оның болашағына қатысты топшылаулар бір кездегі Серік Ахметовпен байланысты болжамдармен ұқсас сияқты. Аз-мұз келіңкірейді.

Есіңізде ме? Ахметов Үкімет тізгінін қолға алғанда, дәл бүгінгідей тұжырымдар айтылған-тұғын. Оның ешбір дау-жанжалдың ортасында болмағаны, кландық қақтығыстардың бел ортасында жүрмегені сөз болған. Ақыр аяғы не болды?

Дұрыс па, бұрыс па? 

Бүгінгідей ахуалда Сағынтаев сықылды тұлғаны Премьерлікке тағайындау қаншалықты дұрыс болды, әлде бұрыс болды ма? Бұл сауал да өзекті. Экономиканың әзіргі күйі бұл сауалдың өзектілігін өлтірмей отыр. 

Бүгінге дейінгі Үкімет қандай еді? Кімдерден құралған еді? Макроэкономистер, қаржыгерлер, банкирлер көп болды ол Үкіметте… Қазір ше?

Мұнайдың құны құлдыраған қазіргі тұста іс керек, іс. Өндірісті тірілту керек, ауыл шаруашылығының тамырына қан жүгірту қажет. Аймақтармен жұмысты жандандырған жөн. Сағынтаев сол үшін керек болды, Назарбаевқа. Оны Үкіметке сол үшін әкелді. Бұл істі одан артық атқаратындар аз, өйткені. 

Айттық қой, ілгеріде. Ол биліктің барлық баспалдығынан өткен. 

Сарыбай Қалмұрзаевтың ұсынысымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған уақыттан, күні бүгінге дейін Сағынтаев әбден ысылды. Ұзақ уақыт Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жүйесіне жұмыс жасады. Агенттікке басшылық етті. Үкіметбасы креслосына бір күнде қонжия салған жоқ. Үкімет аппаратының ыстығына күйді, суығына тоңді. Солай. Сөйтіп жүріп, тәжірибе жинады. 

Айттық қой, ілгеріде. Оның асып-тасып жатқан тұлғалығы, көшбасшылық қабілеті жоқ та шығар. Шаруаға мығым, бірақ. Шашау шығармайды. Тапсырған істі тиянақты орындауға тырысады. Мұнысы жақсы. Бірақ, Назарбаев не деп еді? 

Президенттің неге көңілі толмайды? 

 Назарбаев не деп еді? Үкіметтің кеңейтілген жиынында Назарбаев елімізде мемлекеттік басқарудың тиімділігі тым төмен екенін айтқан. Естіген шығарсыздар. Тез арада осы кемшілікті түзеуді тапсырған ол. Әлі түзелген жоқ, осы кемшілік…

Ал Сағынтаев ше? Ол шашасына шаң жұқтырмайды. Жұқтырғанды, жақтырмайды. Оны сынайтын да, мақтайтын да себеп жоқ анығында. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. 

Демек, атқарған істе ауытқу аз деген сөз. Тепе-теңдікті сақтап тұр. Бірқалыпты.

Тырнақ астынан кір іздеген емес, бірақ бірқалыптылық та қауіпті. Жүрдектік жоқ. Нақтылық жоқ, өйткені. Бюджетті жоспарлау, бюджетті жөнімен игеруге келгенде, берекесіздік бар…

“100 қадамды” алайықшы. Бағдарламаны айтамын. Кері кетіп барады. “100 қадам” тұғырнамалық дүние еді, негізінде. Кері кету Мәсімовтың тұсында басталды, Сағынтаевтың тұсында жалғасын тапты.  

Картинки по запросу сагинтаев масимов

Сәтсіздіктер? Олар да бар. Міндетте медсақтандыру. Сол не болды? Соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Басқа реформалардың да болашағы белгісіз. Медсақтандырудың тағдырын қайталауы мүмкін. Анығы, асығыстық бар. Аңдап басу аз. 

Назарбаев та соны айтқан. Мемлекеттік басқарудың берекесіздікті сөз еткен ол. 

Назарбаевтың көңілі тоқ па? Жоқ. Қазіргі ахуалға көңілі толмайды. Экономикалық ахуалды көріп-біліп отыр, өйткені. Бұдан бұрынғы Ұлттық банктегі былықтар, квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық, бәрі-барлығы айналып келгенде, Үкіметтің қателігі. Ұрланған ақша ауқымды. 

Меніңше, уақыт өте келе, министрлер деңгейде қайта жаңару болуы мүмкін, мұның шалығы Сағынтаевқа да тиіп кетуі ғажап емес.

 

(Жалғасы бар)

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз