Нұр-Сұлтан
Қазір
-7
Ертең
-12
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

“Олар нағыз қырғыз және қалмақ қырғыз болып бөлінеді”. Саясаттанушы көрші елдің сырын айтты

1014

Сол секілді қарақалпақтардың да жағдайы мәз емес, көбісі Қазақстанда жүр, біразы қазақ боп кетті.

Одан соң мына қырғыздар. Олар өз алдына мемлекет болды. Бірақ бір кемшілігі, Қазақстан 90-жылдардың ортасында „шоковая терапия„ әдісімен оңшыл либеральдық реформа жасап, әлеуметтік және экономикалық институттарды қалыпқа келтіріп, соның және мұнайдың арқасында көтерілген кезде олар қамсыз қалып, тұралап жатты.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі Өзбекстаннан 4 есе көп, ал бір Алматының табысы бүтін Қырғызстаннан 5 есе, ал Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 20 есе көп. Осыны көріп отырған олар, әрине түрлі сылтау айтып, бізден ақша сұрай береді.

Ал ерке бала етегіне жармасып, тартқылап тұрса сұрағанын қалай бермейсіз?..

1,5 миллион қырғыз Қазақстан мен Ресейде батырақ боп тентіреп жүр

Саясаттанушы Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесін жоққа шығарып қырғыздың бір зиялысының неге үн қатпауының себебін де түсіндіріп көруге тырысты.

– Көріп отырмыз, қырғыздарда жағдай қиын. Экономикалық, әлеуметтік даму жағынан бізге ілесе алмады. Бірақ, есесіне олар біз алдымен экономика деп жатқанда, саяси реформаға тереңінен үңіліп, дұрыс бағыт таңдап алды. Дегенмен экономикалық реформасыз болмайды. Әйтпесе осы қалғаны қалған. Жақсы ма, 1,5 млн қырғыз Қазақстан мен Ресейде тентіреп, батырақ боп жұмыс істеп жүр. Тіпті, әйелдеріне дейін қара жұмысқа жегілген.

Мен Ошта болдым. Көп ауылда еркек кіндік жоқ. Қаланың өзінде еркек аз. Бір ауылда бір кісі қайтыс болып, жерлейін десе еркек жоқ. Ер балаларды мектептен алдыртты.

Көрдіңіз бе?.. Олардың белсенді азаматтарының барлығы сыртта еңбек етіп жүр. Іштей қатты дағдарыс бар. Әлі еңсесін тіктемеген. Ондайда мәдениет те, әдеп те жайына қалады емес пе?..

Оған қоса, қырғыз элитасының субъектілігі қысқа, тәжірибесі де жеткіліксіз болды. Алты Алаштың автономиясы сияқты болды, одан соң жоңғардың астына түсті, жоңғарлармен араласып кетті, кейіннен өздерін Қоқанның бегі биледі, Ресейдің билігі, КСРО құрамында болды. Сондықтан оларда жергілікті сана жақсы дамығанымен, элитарлық ой дербестігі кең емес.

Мәселен, Нұрекеңнің геосаяси пайым ауқымы кең. Ал олардың саясаткерлері ондай деңгейге жеткен жоқ. Еркелік бар, өкпе бар, одан аса алмайды өздері.

Қазақтың ақ пейілін бағалағысы келмей бұлтақтайды. Шымбайға батырған болып Кенесарының басын айтады. Ал Кенесары қазақ-қырғыз болып бірігіп қырғызды Қоқанның бектерінен босатқысы келген.

Жалпы, өмір сабағы үйретеді. Тәжікстан немесе Өзбекстан оларға қол созбайды. Қазақсыз күні қараң екенін түсінеді. Қояды сөйтіп.

Алмазбек Атамбаев қатты қорықты…

Саясаттанушы Қырғызстанда сайлаудан соң митинг неге өтіп жатқанын айтты.

– Алмазбек Атамбаев Қазақстанға үш рет тиісті. Ет қызумен өзбектерге де, Америкаға да бір ұрсып алды. Бірақ, өкінішке қарай, негізінен, бізді жамандады. Онда да қарсыласы – Бабановты күсәлау үшін. Мұны саяси технология дейді. Бұл жағынан сайлауда Атамбаев ұтты. Өз адамын билікке қойды. Енді сотталмауы мүмкін…

Негізі, жеңілген президентті қырғыздар елден қуып шығады. Есіңізде болса, 15 жыл билікте отырған Ақаев биліктен қуылып кеткен, одан кейін Бакиев болды, ол да елде жоқ. Отынбаева өзі кетті. Атамбаев осыдан қорықты. Ол – олигарх.

Бар байлығымнан айырса қайтіп күн көрем деді? Сондықтан ол жанталасып бақты.

Қарманғанда қолына не ілінді, соның бәрін пайдаланды. Қазақстан ренжіп жатыр ма, онда оның шатағы жоқ.

Өзінің миссиясы орындалса болды оған. Бірақ бұл жеңіс тек бірінші таймы ғана. Әлі келесі кезең бар. Өйткені Бабанов та олигарх қой. Ол да байлығын соңына дейін қорғайды. Егер Атамбаевқа соңына дейін ол жол беріп қойса, онда оның үстінен қылмыстық іс қозғалады, барынан айырылады. Сондықтан ол да қарап қалмайды. Сайлаудан соң қырғыздарда митингтің өтіп жатқаны сол.

Атамбаевтың Қазақстанға тиісуінде сайлаудан бөлек тағы бір гәп бар…

– Атамбаев Қазақстанға үш рет тиісті. Мынау үшіншісі. Қазақстан блокада қойды, тағысын тағы дегендей.

Ондағы ойы — Қазақстан Қырғызстанға тегін транзит болса дейді.

Қазақстанды тегін кесіп өте берсек дейді. Одан соң қырғыздар реформа жасамаса да хаб жасап алды арадан. Қытайдың тауарларын таратушы боп алды. Соның бәрін тегін осында тасып, қызығын көре берсек дейді. Олай болмайды ғой. Нарық заманында бәрінің де құны бар.

Әрине, қырғыздар Қазақстансыз, Қазақстан қырғызсыз өмір сүре алмайды. Өзіміз 18 млн болсақ, тағы 6 млн тұтынушысы бар нарық бізге артықтық етпейді.

Ақшаны қырғызға бермесек, қырғызды өзбекке беруге тура келеді…

– Гуманитарлық көмек — бұл геосаясат талабы. Онсыз болмайды. Егер өз „білгеніңді істе, түк жоқ сендерге„ деп тоң теріс отырып алсақ, онда Өзбекстан Қырғызстанды бағындырып алады. Кезінде өзбектер Ош облысын тартып алмақшы да болған. Өзбекстан Тәжікстаннан Ленинабад облысын тартып алмақшы болды. Ресей армиясы айдап шықты.

Сондықтан өңірдегі Өзбекстанның гегомониясын ауыздықтап ұстап тұру үшін бұл екі мемлекет қажет бізге.

Қазақстан ренжіп қалды, енді қырғыздың жаңа президенті не істейді?

– Енді арада саяси сауда басталады. Бұл арада ең үлкен мәселе – транзит пен инвестиция. Жээнбековтің президент ретінде алғашқы сапары Ресейге жасалады деп ойлаймын.

Ол: „Путинге барып айтады, ана кісіге айтшы, Сізді тыңдайды ғой, бізді қыспасын„ – дейді. Одан кейін Қазақстанға келеді.

Егер де екінші сапары Өзбекстанға бағытталса, онда Қазақстанның ренжитіндей жөні болады. Осы жағынан алғанда, енді қырғыздар араға Ресейді салады, одан соң саяси сауда жүреді деп ойлаймын.

Қырғыз, әдеттегідей, Қазақстаннан ақша сұрайды қарызға. Қазақстан көмек қолын созуға дайын ғой, береді бәрін. Баяғыдан қазақ пен қырғыз қарым-қатынасында қазақ қырғызға ерке баласындай қараған, осы дәстүр жалғаса береді. Себебі Қазақстанға Қырғыз еліндегі ахуалдың төмендегені жақсы емес. Қазақстан тек экономикалық-әлеуметтік, гуманитарлық жағынан ғана емес, жан-жақты қырғыздарды қолдайды. Мәселен, оларда этникалық шиеленіс болды екі рет, өзбектермен арада. Өзбектер әскерін лап еткізіп қойып жібергісі келді қырғыздарға. Қазақстан араға түсіп, өзбектерді тежеді, қырғыздарды құтқарып қалды ғой. Өзбекстан соғыс бастасақ, өз ішімізде төңкеріс боп кете ме деп райынан қайтты. Сондықтан Қазақстан көмегіне қырғыз елі әлі зәру. Әлі талай көмек сұрап келеді, арада түк болмағандай болып…

Олар таза қырғыз және қалмақ қырғыз болып бөлінеді

Әзімбай Ғали қырғыз саясаткерлерінің саясатқа отбасымен бір-ақ қатысатынын айтады.

– Қырғыз элитасында дәстүрлі жершілдік деген дерт бар. Олар оңтүстіктің және солтүстіктің қырғызы болып бөлінеді. Екеуінің арасында саяси қайшылық бар.

Одан кейін олар нағыз қырғыз және қалмақ қырғыз болып бөлінеді. Қалмақ деп қалмақ текті қырғыздарды кемсітеді. Тіпті, олар Илюмжиновқа хат жазамыз, бөлініп кетеміз деп, кезінде айғай-шу да шыққан. Сонда қалмақтығынан бас тартпайды, көрдіңіз бе? Қазақта да қалмақтар бар, бірақ бізде ондай ашық идентификация жоқ.

Жағдай қазір өзгеріп келе жатыр. Оңтүстіктің қырғызы қазір солтүстікке көшіп келіп жатыр, өйткені ондағы орыстар кетіп қалған. Сондықтан жершілдікке қатысты жік аса қатты емес. Демократиялық талаптар өткір, қазір мысалы билікке оңтүстіктің өкілі Жээнбеков келіп отыр.

Ақаевтың шешесі қазақ болатын. Ал Атамбаевтың шешесі күрд. Бакиевтің әйелі орыс. Қырғыздарда отбасылық дүние негізі саясатқа араласады. Бізде ол жағы онша байқалмайды ғой. Ал оларда нақты көрініп тұрады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз