Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне цифрландыруға көшуге байланысты жұмыста смартфон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазады.
Мәжілісте бүгін кейбір заңнамалық актілерге құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Отырыс барысында ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов елімізде қазір пилоттық режимде қылмыстық істерді элекронды түрде жүргізу қолға алынғанын атап өтті.
Вице-министр процеске қатысатын бүкіл құрылымдарды толыққанды техникалық жабдықтау үшін 11 миллиард теңге қажет екенін айтты.
Заң жобасының таныстырылымынан кейін журналистер Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтан цифрландыруға байланысты смартфон пайдалануға рұқсат беру жағы қалай болатынын сұрады.
“Иә, әрине. Бұл сұрақ барлық мәселемен бірге қарастырылатын шығар”, — деді Ахметжанов.
Өткен жылы көктемде Қазақстанда мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ғимаратқа кіретін азаматтарға мобильдік құрылғылар (смартфон, планшет, смарт-сағат) пайдалануға тыйым салынған болатын. Бұл шара қызметтік ақпараттың әлеуметтік желі арқылы тарап кету фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты қолға алынды.