Армения президентінің жеке фотографы Давид Акопян туындысын Назарбаевқа сыйға тартпақ.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлайды.
Давид Акопян Нұрсұлтан Назарбаевты қалай сәтті ракурста суретке түсіргенін айтып берді.
«Біз мемлекет басшыларының кездесу үшін залға өткенін күттік. Осы кезде сол жерден басқа жұмысшылар өтіп жатқандықтан, өзім үшін жарықты реттедім», – деп атап өтті ол.
«Мен қандай фотокадр алатынымды көз алдыма елестеттім, бірақ дәл осылай суретке түсіремін деп ойлаған жоқпын. Шынымды айтсам, мына сурет маған қатты ұнайды», – деді армян фотографы.
Давид Акопян Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін өзінің Facebook пен Instagram парақшасына жариялады.
«Бұл суретті интернетте осылай тарап кетеді деп ойламаппын. Бүгін таңертең оянғанда бүкіл Қазақстанға танымал болдым. Қазір менің Facebook-тегі парақшамда армяндықтардан гөрі қазақстандық достарымның саны көп», – деді ол.
Таңертеңнен бері фотографқа қазақстандық журналистер хабарласып жатыр екен. Давид Акопянның түсірген суреті армяндық әріптестерінің де, француз журналистерінің де қызығушылығын тудырған.
«Мен бұл суретті Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқым келеді», – деп мәлімдеді Армения президентінің жеке фотографы. Давид Акопян таяуда болатын іс-шараға өз елінің президентімен барған кезде бұл туындысын сыйға тартпақшы.