Әйгілі Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан апай өзін шәмшітанушымын деп атайтын Қалдыбек Құрманәліге қатысты пікір білдіріпті. Анығында, сойып салыпты.
Рейтинг газетіне берген сұхбатында Райхан апай ағасына қатысты бұдан басқа да бірқатар жайттың басын ашыпты.
Оның 300-ге жуық әні бар. Қаншама туындылары ұрланды. Өкініштісі,
«Шәмші әнді ішпесе, жаза алмайды» деген сөздерді де естідік, бір кездері.
Ән жазуына ішкіліктің ешқандай қатысы болмағанын жақсы білемін. Дегенмен, босаңсып, жұбаныш іздегеніне тұрмыстық жағдайы әсер еткені жасырын емес. Жұмыс жоқ, шығармашылық адамының өз мүмкіндігін толық пайдалануына жағдайы болмаған соң, қиындық көрген соң, іші өртеніп, ішпегенде қайтсін?
Оған қай мекеме «жұмысқа кел» деп, есігін ашып, қай шенеунік салтанатты сарайдың саңылауынан қаратты?
Шындығында, Шәмшінің әнді жас кезінен шығарғанын тағы да қайталауға тура келіп тұр. Ағамның қиналмаған күні болмаған. Өмірінде көп қиындық көрді. Әкем марқұм:
«Мен қазаққа Шәмшіні бердім. Шәмші – қазақтың Шәмшісі. Әулетімізде бірінші, көрік (Атамыз қырық жыл көрік басқан ұста болған.Р.Қ) өлмейді. Екінші, ән өлмейді»,- деп, көзі тірісінде айтып кеткен екен.
Бүгінде
кейбір «Шәмшітанушылар» Шәмші Қалдаяқовты елге мен таныттым, атын мен шығардым
деп айтатын көрінеді.
Шыдамым таусылды. Әңгіме бүгінде өзін Шәмшітанушымын деп жүрген Қалдыбек Құрманәлі туралы. Міне, сол Қалдыбектің көп ісіне көңілім толмайды.
Шәмшіні «жекеменшігі» етіп алған сияқты. Шәмшінің атын жамылып, көлеңкеде жүріп-ақ талай тірлігін тындыруда.
Қалдыбек болмаса, Шәмші елеусіз қалар ма еді? Онсыз да Шәмшіні халық біледі, сүйеді, мақтан тұтады. Шәмші халықтың Шәмшісі.
Жұрттардан естимін Қалдыбек:
«Қалдаяқовтар жүрген мүсәпір, қолдарынан түк келмейді. Мен болмасам, Шәмшінің аты шықпайтын еді»,
– деп айтады екен.
Мұнысы, рас па, өтірік пе, өз құлағыммен естімеппін. Бос әңгімеге бола арадағы сыйластыққа көлеңке түсірмейін деп келдім. Қалдыбектің жауы бар, досы бар, солардың бос әңгімесі шығар деп те ойлайтынмын. Бірақ кейбір істеріне қарап, көңілім құлазиды.
Шәмші ағамның атын былғап адамдардан ақша сұрауды әдетке, дәлірегі, бизнеске айналдырып алған Қалдыбек Құрманәлі Қалдаяқовты қолдап жүр ме, әлде қорлап жүр ме деген де сұрақ мазалайды.
Кей әрекетінен өзгеше бір жымысқы ойдың астарын аңғарамын. Бауырымның атынан концерт берсе де бір ауыз айтпайды, хабар бермейді. Жақында Созақта болып өткен концертке ешкім шақырмады да.
Ағамды ешкімнен қызғанбаймын, ол халықтың адамы. Шәмшіні Қалдыбексіз де халық біледі. Дегенмен ар, ұят деген болуы керек қой. Мына бір жәйтті де айта кетейін.
Астанада Шәкеңнің шығармашылығына арналған концерт болатынын естідім.
Мені Шәмшінің жалғыз қарындасы деп елеп, ескеріп шақырған жан болмаған соң, өзім билет сатып алып, баруды жөн санадым.
Кеш өтетін Конгресс холға хабарласып билетті қалай алуға болатынын сұрадым. Менің сұрағыма жауап берген Айгүл есімді қыз билеттің тек Астана қаласында сатылатынын, Шымкенттен қалай алуға болатынынан хабары жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ, билеттің құны 3000 теңгеден 8000 теңгеге дейін екендігін айтты.
«Концертті ұйымдастырушы Қалдыбек Құрманәлі, сол кісіден сұраңыз», деді.
Шәмшіні бизнеске айналдырып жібергені ме деген ойға қалдым.
Сол күні кешке Қалдыбекке билет жөнінде хабарластым. Ол телефонын көтермеді. Кейінірек, екеуміз ұялы телефон арқылы сөйлесіп, маған айтпаған сөзі қалмады. Ол сөздерді айтуға аузым бармайды. Оның сол сөздерінен кейін, қатты ауырып, төсек тартып жатып қалдым.
Сонда Шәмшітанушы атанып жүрген Қалдыбектің Шәмшінің жалғыз қарындасын сыйламағаны ма?! Ағам тірі болғанда, “бұл қорлықты көрмейтін едім” деп, жылап аламын кейде.
https://kaz.365info.kz/ajda-y-professor-ydyr-lini-mas-ara-tirigi-shy-ty-247331
Мақала ВК-дағы “Атамның басы-ай” тобында талқылануда