Қызыл империя келмеске кеткенмен, арақтан құтылған жоқпыз, арақты қойған жоқпыз. Халал тойдың біразында шөлмектегі ащы суды шәугімге лақылдатып құйып жатқандарды да көргенбіз. Жоқ, олар ойланбайды. Олар ұялмайды. Олар үшін арақ ермек. Шаршағаныңды басатын, дидарыңды ашатын дәмді су. Солай ойлайды олар.
Арақтан қайтіп құтыламыз? Қалай құтыламыз? Бізге кім жол көрсетеді? Арақты қоя алмай жүргендер кім?
Осылай ойланып отырғанымызда Ордабасы ауданынан ақжолтай хабар келді.
Ауыл аса үлкен емес, бар болғаны 120 шаңырақ пен 1100 тұрғыны, 3 дүкені бар шағын ауыл. Алайда шаңырақты шайқалудан, бір емес, бірнеше адамның өмірін күл-талқан етуден сақтауға септігі тиетін маңызды бастама көтерген. «Арақ сатуды қалай қойдырдыңыздар?» деген сұрағымызға ауыл биі Әбдуәлі Еркінбекұлы (суретте) былай жауап берді.
«Арақ – атамыздан қалған ас емес, – дейді ол кісі.
Осы жағын ойлана келе, біраз қариялар мен мешіттегі жамағат ақылдасып, дүкендерде арақ пен темекі сатылмасын деп бастама көтердік.
Мұны ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады. Өз басым сөзімізді жерге тастамағаны үшін дүкен иелеріне ризамын. Ауылда ішетіндер жоқ деп өтірік көлгірсімей-ақ қояйын, әлі де бар. Бірақ бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайып қалған.
Шынын айту керек, арақты қоя алмай жүрген кешегі кеңестік дәуірде туып-өскендер.
Ал кейінгі жастар арасында арақ ішетіндер мүлдем жоқ. Той-томалақты да арақсыз өткізіп жатқан үйлер бар».
Әбдуәлі Еркінбекұлы ауыл биі болғандықтан, кей мәселелерді сотқа жеткізбей шешіп отырады екен. Ол кісі ауылда арақ сатылмайтын болғалы бері, отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы да азайғанын айтады.
Бұрын әйелін тойға ертіп апарып, оны біреумен билеп қойдың деп қызғанып, оның дауы сотқа дейін жеткен мәселелер болған
– дейді Әбдуәлі Еркінбекұлы. – Қазір мұндай жағдайлар жоқтың қасы деуге болады. Содан соң ауыл биін кей жерлерде: «Ей, ол анау өзіміздің пәленше ғой» деп өзімсінетіндер, сөзін жүрдім-бардым тыңдайтындар бар. Ал біздің ауылда ондай емес. Тіпті мекеме мен жеке тұлға арасында келіспеушілік болғанның өзінде бірден сотқа жүгінбей, ауыл биіне барайық деп бізге келеді. Ал бидің негізгі мақсаты – екі жақтың арасындағы айтысты әлсірету, екі жақты келісімге келтіру болып табылады. Отбасылық ұрыс-керіс, екі адамның арасындағы келіспеушілікті де реттеп отырамыз».
Арақ сатылмайтын ауылда осындай игі істер атқарылып жатыр екен. Қазір жусанбайлықтардың бұл бастамасын Ордабасы ауданындағы бірқатар ауылдар өздеріне енгізуді ойлап жүргенге ұқсайды.
Мақаладағы сурет иллюстрациялық сурет екенін ескертеміз.