Үкімет үйінде өткен баспасөз мəслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздегі бензин жетіспеушілігі қыркүйектің соңына дейін шешілетінін айтты.
Еліміздің шығысы мен солтүстігінде АИ-92 бензинінің жетіспеушілігі тіркелген – деп хабарлайды Baq.kz. Көптеген жанар-жағармай стансаларында бензин болмаған. Бұны көбі Ресейдің еліміздің нарығына бензин əкелуден бас тартуымен байланыстырып отыр. Вице-министр осыған қатысты түсініктеме берді.
«Шынымен де кейбір өңірдегі бірнеше жанар-жағармай стансасында бензин жетіспеді. Біз бұны білеміз. Дегенмен, бұны дефицит деп атауға болмайды. Ресей Федерациясынан бензин əкелініп жатыр. Біз Ресейдің Энергетика министрлігіндегі əріптестерімізбен жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан, біз бензин жетіспеушілігімен байланысты проблемалық мəселелер күтіп отырған жоқпыз», -деді вице-министр.
«Жалпы алғанда, біздің өңірлерде бензин бар. Біз қыркүйек айының соңына дейін жағдай тұрақталады деп ойлаймыз», – деп түйіндеді Энергетика вице-министрі.