Нұр-Сұлтан
Қазір
-9
Ертең
-9
USD
524
0.00
EUR
545
0.00
RUB
5.11
0.00

“Бұларың болмайды”. Атақты академик қалталылардың ұсақ тірлігін сынады

268

Қазір әр жерден мықты байлар шығып жатыр.

Мысалы, мен білетін Бауыржан Оспанов деген кәсіпкер бар. Ол өз ауылынан физ-мат мектебін ашып тастады. Ондағы мұғалімдерге пәтер салдыртты. Пәтердің кілтін мен бердім. Неге осындай жігіттер басқа ауылдан шықпайды? Қайда?..

Мысалы, әлемде  Билл Гейтс деген ең бай адам бар. Ол компьютерді ойлап тапқан. Сол бүкіл байлығының тең жартысын науқастарды емдеуге бөлетінін айтты, ал қалған жартысын міскіндерге көмекке арнады. Бұл қайырымдылық акциясын Американың барлық байы қолдап, қазір ақша аударылатын арнайы ұйымдар ашылды. Міне, қазақтың байлары неге сөйтпейді? Жақсы істі неге іліп әкетпейді?..

Тағы бір мысал. Швеция деген ел бар. Онда 10 млн швед тұрады. Бүкіл атақтылар, атақты сыйлықтар осы елден шыққан. Нобель сыйлығы, Вольф сыйлығы дейсіз бе?.. Бай шведтер өзінің табысының көп бөлігін ғылымға, өнерге, сыйлықтарға арнаған, мектептер ашқан. Бізде де осындай байлар көп болса ғой.

Қазақстанда байлар аз дейсіз бе? Кешіріңіз, Қазақстандағы байлар саны жағынан есептесеңіз, әлемдік ондыққа кіріп қалады. Бірақ, өкінішке қарай, олар өз нәпсісінен ары аса алмайды…

Университеттік оқулықтар деген арнайы бағдарлама құру керек

Бұдан бөлек, өз сұқбатында Асқар Жұмаділдаев „Рухани жаңғыру„ бағдарламасы аясын тарылтып жіберетіндер барын айтып, өз қынжылысын білдірді.

– Мысалы, 100 жаңа оқулық деген жоба бар. „Мықтылардың еңбегін аударыңдар„ – деді Елбасы. Бұл өте дұрыс нәрсе. Бірақ аударылып жатқан не? Тағы да жалпылама пәлсапалар. Олар бұрын да аударылған. „Мәдени мұра„ деген арнайы бағдарлама болған. Бірақ тағы да солар аударылып жатыр.

Өйткені айналасындағылар гуманитарийлар ғой. Одан басқасын білмейді.

Мысалы, Ньютонды, Евклидті аударсын.  Осындай атақты математиктердің, физиктердің, химиктердің, биологтардың, компьютерщиктердің еңбектері неге аударылмайды? Бәрінде де пәлсапа бар. Неге шектейміз?..

Негізі, бізге Университеттік оқулық деген бағдарлама керек. Университетте алгебрадан ғана қазақша оқулық бар, басқасы жоқ. Физика, химия, геометрия – барлығы шет тілінде. Қазақшасы жоқ.

Бұл масқара жағдай. Рухани жаңғыруға осыны да енгізу керек.

Жақсы ма, жаман ба көрмені өткіздік…

Академик жаңа дүниелер енгізіліп жатқанда, өзін қалай ұстауы үшін ата-аналарға кеңес берді. Ғалым „біздің кез, қазіргі кез„ деп салыстыру ақылға сыйымсыз екенін де айтты.

– Біздің кезде училище, техникум дегендер болды. Ең крутой мамандық – секретарь-машинист еді. Әр бастықтың алдында машинка басып отыратын хатшы қыз болатын. Қазір ол жоқ. Ондай мамандық та, маман да жоқ.

Елу жылда ел жаңа дейтінбіз. Қазір ол 20 жылға қысқарып кетті. „Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел„. Қазір жылдам өзгеруіміз керек. Заман талабы сол.

Елбасының „Төртінші өндірістік революция„ деп айтып жүргені де сол. „Көз қорқақ, қол батыр„. „Тисе терекке, тимесе бұтаққа„. Бұлар – қазақтың жақсы мақал-мәтелі. Қазір бізге керегі осы. Нар тәуекел деу керек. Мысалы, суға жүзіп үйрену керек пе, суға секір. Басқа жол жоқ.

Әлемді мойындату үшін қазаққа автомобиль, компьютер жасау керек. Бірақ қазақ автомобиль жасай бастағанда, елге автомобиль керек болмай қалуы мүмкін ғой.

Сондықтан орағатып, алға шығуымыз керек. Ертең не болатынын бажайлап көру қажет. Міне, осылай тірлік етсек, ел де ұлт та мойындалады.

… Мен ЕХРО өткізгеннен жаманшылық көріп тұрғаным жоқ. Әрине, орасан шығын болды. Бірақ, жақсы ма, жаман ба, көрмені өткіздік. Жақсы ма, жаман ба, әлемге Қазақстанды Бораттың елі емес екенін көрсеттік. Жас буын энергетика саласындағы тың жаңалықтармен танысты. Өз көзімен көрді. Оған неге мақтанбауымыз керек?

Астананы Алматыдан ауыстырғанда да қанша шу болды? Бірақ одан ұтылған жоқпыз ғой. Көз қорқақ, қол батыр деген осы. Біз технология, технократтық деген нәрсені ешқашан ұмытпауымыз керек.

ЕХРО-ның өткізілуі –

Қазақстанның технократтық елге айналуына деген алғашқы қадамы деп білемін.

Оған қуанбасам, ренжімеймін.

 

Қазақтың төрт әрпіне арнайы символ берейік!

Асқар Жұмаділдаев латынға көшуде қазақтың төрт әрпіне арнайы символ берсек, еш ұтылмайтынымызды айтады.

– Рас, компьютерге түсіргенде, кішкене қолайсыздау болуы мүмкін. Бірақ біздің мақсатымыз компьютер емес қой. Біздің мақсат – қазақы болмысты сақтап қалу. Латынға көшсек, компьютерді жақсы меңгеріп кетеміз деген бос әңгіме.

Мысалы, Қытайда 50 мың иероглиф бар, жапондарда – 100 мың. Немене, олар компьютерден кем қалып жатыр ма? Сондықтан компьютер дегеннің латынға көшуге, тіпті, еш қатысы жоқ. Бұл арада бір-ақ мәселе бар. Қазақ тілінің болмысын сақтап қалу. Түпкі мақсат осы. Егер ондай мақсат болмаса, латынға көшудің де қажеті жоқ. Кириллицамен де өмір сүруге болады.

Ағылшынның ХV ғасырдан қалып кеткен іріткісін қолданып керегі жоқ. Неге олар „NG„ деп жазады?

Өйткені ағылшын тілі қырық құрақ. Негізінен, ағылшын деген ұлт жоқ. Уэльс, кельт, неміс, француз. Осылардың тілінен қалған жұрнақ ол. Содан соң, оларда әріптер өзгеріске ұшырап отырады. Ал бізде ондай проблема жоқ.

26 әріп қалсын, оған арнайы символ беріп, қазақтың тағы төрт әрпін қосайық. Сараңдық танытпайық. Меніңше, өстісек, еш ұтылмаймыз.

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз