Биыл – корейлердің Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл. Осы уақыт аралығында олардың Қазақ елін өзімнің туған Отаным деп санайтын бір емес, бірнеше ұрпағы өсіп-өнді.
Тамырын тереңге тартты, тастай батып, судай сіңді. Атаулы датаға байланысты Алматыда Оңтүстік Кореяның ірі телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен арнайы кеш өтті, – деп хабарлады „Хабар-24„ телеарнасы.
Мун Гон Дя, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Әрине, сталиндік уақытта бәрі қорықты. Қазақ халқы өздері де аштықтың аз-ақ алдында бола тұра, ішіп отырған астарымен бөлісті. Осынау атаулы датаға орай Қазақстанға Оңтүстік Кореядан құрамында танымал өнер адамдары бар арнайы делегация келді. Республика сарайындағы 3 мыңға жуық көрермен оларды үлкен ықыласпен қарсы алды.
Георгий Кан, Алматы қаласындағы Корей орталығы төрағасының орынбасары:
– Біздің елімізде әр этнос өкілінің тең жағдайда өмір сүруіне, өсуіне бар мүмкіндік жасалған. Қазақстандағы корейлер – біздің Отанымыз Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея арасын байланыстыратын негізгі әрі тірі көпір. Бүгінде елімізде 100 мыңнан аса корей өмір сүріп жатыр. Олардың Қазақ жеріне жер аударғандарына 80 жыл толуына байланысты Қазақстандағы корейлердің энциклопедиясы да жарық көрді.