Сыр өңірінің полицейлері жезөкшелікпен айналысу үшін қыздарды шетел асырып жібермек болған күдіктілерді қолға түсірді деп, хабарлайды Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Қызылорда қаласының 3 азаматшасын жезөкшелікпен айналысу үшін Түркияға жібермек болған жерінен 1968 және 1990 жылы туылған 2 азаматшаны құрықтады.
Қазіргі таңда аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасының 128-бабы 3-бөлігімен (Адам саудасы) тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі кезде қаскүнемдер Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Атап айтсақ, 2017 жылғы 25-27 тамыз аралығында Қызылорда облысы аумағында адам саудасына байланысты және адам еңбегін қанау мақсатымен адамдарды ұрлау және бас бостандығынан айыру саласындағы қылмыстарды анықтау мақсатында «Stop-трафик» жедел профилактикалық шарасы жүргізілген болатын.
Шара барысында полиция қызметкерлері 5 қылмыстың беті ашып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабында (Қоғамдық орында тиісу) көзделген 31 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.