ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянмадағы мұсылмандардың жағдайына байланысты өз пікірін білдірді.
Бұл туралы Сенат төрағасы өзінің Twitter парақшасында жазды.
«БҰҰ Мьянмада болып жатқан оқиғаларға өз тура көзқарасын білдіру қажет. Соншама көп жазықсыз мұсылмандар қатыгез қуғын сүргіннен өліп жатыр», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, жергілікті мұсылмандар мен буддистер арасындағы қақтығыстар – Мьянмада жиі болып тұратын құбылыс. Оқиға өткен айда рохинджа жауынгерлерінің полицейлер бекеті мен казармасына жасаған шабуылынан кейін шиеленісіп, арты қанды қақтығысқа ұласқан. 50 мыңнан аса адам көршілес Бангладешке барып бас сауғалаған.
Рохинджа – мұсылман дінін ұстанатын этникалық бенгалдар. Мьянма билігі мен халқы оларды лаңкестік ұйымдарды қолдайтын заңсыз мигранттар деп санайды. Сондықтан да оларға ел азаматтығы берілмей келеді. Бұл туралы The Independent газеті хабарлайды.