Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ұлттық комиссияның кеңесі өтті.
Премьер-министр бастаған жауапты орган басшылары Елбасы алдында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысымен таныстырды деп хабарлады „Хабар-24„ телеарнасы.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарының орындалу барысына оң бағасын беріп өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз өзімізге, халқымызға да, дүние жүзіне де мемлекетті жаңғырту үшін 5 үлкен қадам жасаймыз деп жарияладық. Ішімізде де, сыртымызда да бұл біздің ойымызды, пікірімізді, жоспарымызды жұртшылық қолдап, оң бағасын берді. Біріншісі – мамандандырылған мемлекеттік аппарат, екіншісі – заң үстемдігі, үшінші – өрлеу, экономиканың өсуі, төртінші – бірлік пен қоғам ішіндегі тыныштық арқылы жетеміз бұл жұмысқа, бесінші – халықтың алдында есеп беретін мемлекет. Жалпы оң баға беруге болады.
Үкімет басшысының айтуынша, Ұлт жоспарын заңмен қамтамасыз ету үшін 66 заң қабылданған. Жыл соңына дейін Парламентке тағы 8 заң жобасы түседі екен.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
– Ұлттық комиссия «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қазіргі таңда комиссия 5 бағыт бойынша әрбір қадамның нақты іске асу барысын мұқият қадағалап отыр. Осы уақытқа дейін өзіңіз айтқандай, 50 қадам орындалды. Қалған 50 қадам орындалу үстінде.
Әрине, отырыста мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын өсіру жайы да сөз болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров еңбекақыны төлеу ісі жаңа жүйемен орындалатынын айтты. Яғни бұдан былай жалақы мөлшері мемлекеттік орган алдына қойылған тапсырмалардың орындалу барысына қарай белгіленеді. Сол сияқты еңбекақы көлеміне аймақ пен саланың ерекшелігі және жұмыстың ауырлығы да әсер ететін болады.
Қайрат Қожамжаров, ҚР МҚІСЖҚІҚ агенттігінің төрағасы:
– Құрметті Президент, сіздің келісім беруіңізбен келер жылдан бастап Астана әкімдігі мен агенттіктің базасында жаңа жүйені кешенді түрде мақұлдауды жоспарлап отырмыз. Ал еңбекақының өңірлік коэффиценті Ұлттық комиссияның ұсынысымен 2018 жылы енгізілетін болды.