Биыл Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындар ауаға 93,7 мың тонна зиянды қалдық шығарып, ластаған. Бұл туралы 8 тамыз күні облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды.
“Ақтөбеде ауаны ластайтын 167 орта және ірі кәсіпорын бар. Соның тоғызы ауаны жүйелі түрде ластап отыр. Экологияға жауапты департаменттердің оларға нақты шара қолданбағанына бірнеше жыл болды. 20-30 мың теңге айыппұл төлетумен ғана шектеледі”, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың сөзіне қарағанда, ақтөбеліктер көміртек оксиді, органикалық емес шаң-тозаң, азот тотығы, 2 пайыз күкірт диоксиді және тағы басқа зиянды қалдықтармен тыныстап отыр.