Ресей президенті Владимир Путиннің мәлімдеуінше, Грузияның жікшіл аймағы саналатын Абхазияның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне Ресей кепіл болуға әзір.
Путин 8 тамызда Пицунда қаласында Абхазия басшысы Рауль Хаджимбамен кездесті. “Ең бастысы, біз Абхазияның дербестігі мен қауіпсіздігін, оның тәуелсіздігіне кепіл береміз. Солай бола беретініне сенімдімін”, – деді Путин.
НАТО одағы Путиннің 2008 жылғы бес күндік соғысқа тоғыз жыл толған күні жікшіл Абхазияға жасаған сапарын сынады. Тоғыз жыл бұрын Мәскеу Абхазияның, сонымен бірге тағы бір жікшіл аймақ – Оңтүстік Осетияның “тәуелсіздігін” мойындады.
Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияға мыңдаған әскер қызметкерін орналастырған. Грузия билігі Мәскеуді және жікшілдерді соңғы бірнеше айда грузин аумағындағы жаңа учаскелерге бақылау орнатқаны үшін айыптады.