Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне шілде айында 800 млн теңге көлемінде жарна түсті. Денсаулық сақтау министрінің болжамы бойынша, жыл соңына дейін жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер 27 млрд теңге аударады.
Министр Елжан Біртанов Үкімет отырысында Елбасының «100 қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамы бойынша есеп берді деп хабарлады „Хабар-24„ телеарнасы.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру елімізге шілденің бірінде енді. Қазір жарна жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бір айдың көлемінде жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерден әлеуметтік сақтандыру қорына 800 млн теңге түскен. Бұл – 384 мың азаматтың еміне аударылған қаражат.
Елена Бахмутова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы:
– Қорға жарна аудару бойынша Қарағанды, Қостанай, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап келеді. Жүйенің есепшотына аударылған барлық қаражаттың 48 пайызы осы өңірлерге тиесілі. Ал тамыз айында 4,5 млрд теңге ақша түседі деп күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 27 миллиардқа жетуі тиіс.
Медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған қаражат жинақталмайды. Сақтандырылған азамат бір жыл бойы дәрігерге бармаған жағдайда шоттағы ақша кері қайтарылмайды екен.
Ал жиі ауырып, ем-дом қажет еткендерге керісінше қордан қосымша ақша бөлінеді.
Елена Бахмутова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы:
– Міндетті медициналық сақтандыру қоры жиналған қаржыны жүйелі жұмсауға көмектеседі. Өйткені кейбір күрделі операцияларға бір адамның жыл бойы жиған қаржысы жеткіліксіз. Ал сақтандыру қоры осы шығынды көтереді. Осылайша мұқтаж адамдар қажетті медициналық көмекті толық көлемде ала алады.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің аясында тегін медициналық пакет те қарастырылған. Оған жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық және стационарды алмастыратын көмек жатады.
Сондай-ақ мұнда туберкулез, онкологиялық һәм психиатриялық ауруларды емдеу, профилактикалық егулер де қарастырылған.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Одан басқа 2020 жылға дейін барлық сақтандырылмағандар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаторлық-емханалық көмек ұсынылатын болады. Бұл халықтың әлеуметтік қауқарсыз тобының толық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа реформаның тағы бір түртіп айтар тұсы бар. Дәрігерлердің жалақысы бұдан былай емделушілердің берген бағасына байланысты болмақ. Науқастар ақ халатты жандардың қызметін лайық деп шешсе, бұл бағалаудың ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Отырыста Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді де тапсырды.
Еске сала кетелік, 1-шілдеден бастап елімізде медициналық міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Жұмысқа қабілетті 2,5 млн азаматтың жұмыс берушілері осы жарнаны қазір аудара бастады. Ал „Атамекен„ ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл ретте қоғам ойын жеткізіп, еліміздегі медициналық міндетті сақтандыру жүйесін 2022 жылға дейін шегеруді ұсынып еді. Әзірге, бұл ұсыныс қараусыз тұр.