Астанада ит жейтін маскүнемдер анықталды. Полицейлер қала төңірегінде ащы суға сылқия тойып алып, көршілерінің мазасын алатын бір топ адамды ұстаған.
Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.
Көрсетілген мекен-жайға тәртіп сақшылары арнайы келді. Себебі, жергілікті учаскелік полицей тұрғындардың мазасын алатын азаматтардың жиілегенін хабарлаған. Айтуларынша, күндіз де, түнде де маза жоқ. Барлығы араққа сылқия тойып алып, қаңғыбас иттерді өлтіріп, азық етеді екен. Тіпті, полицейлерден де шіміріккен жоқ.
«Кешкісін қорқынышты. Ішімдікке тойып алып, иттерді бауыздайды. Жан даусын естисің. Тіпті бізге сес көрсетіп, тыныштық бермейді», – деді қала тұрғындарының бірі.
«Өткенде күшікті өлтіріп жатқанын көрдім. Балалар әбден шошынып қалған. Тіпті, аулаға шығудан қалды. Маскүнемдердің маза бермей келе жатқандарына 10 жылға жуықтады», – деп қосып қойды тағы бір тұрғын.
Полицейлердің келгенін сезсе де бұзақылар есікті ашуға асықпады. Сондықтан, тәртіп сақшыларының күш қолдануына тура келген. Үйден тараған қолаңса иіс қолқаны жабады. Әр жерде босаған бөтелкелер.
Нина есімді азаматша тәртіп сақшыларының қойған сауалына есті жауап бере алмады. Оның қасында өзге төрт адам бар. Барлығы ащы суға сылқия тойып алған. Сондықтан, полицейлер оларды бейімдеу орталығына алып кетті.
«Бұл іс-шара әкімшілік құқық бұзушылық деңгейін төмендету, қала тұрғындарына қауіпсіз жағдай жасау үшін қолға алынып отыр. Өздеріңіз білесіздер қазіргі кезде Халықаралық Экспо көрмесі өтіп жатыр. Осыған орай, тексеру жұмыстары екі есе күшейтілді. Сіздердің көргендеріңіз біздің жасайтын жұмысымыздың тек екі сағаты ғана»,- деді Сарыарқа ауданы ІІД өкілетті қызметкері, Бауыржан Ташенов.