Оны әйгілі Мұхтар Әуезовтың “өзі өте ақылды, мәдениетті жас” деп бағалаған. Бекер емес. Мұхаңның сөзінің растығына “Егемен Қазақстандағы” сұхбатты оқып кезекті рет көз жеткіздік.
Еліміздің бас басылымына сұхбат берген ғалым Рәбиға Сыздықованың сұхбатын сүйсініп оқып шықтық. Тіл тазалығына қатысты көптеген мәселелерді қаузаған екен. Сұхбатының соңын әдемі аяқтапты. “Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты” дейді Рәбиға Сыздықова.
“Менің ойымша, балабақшада, бастауыш мектепте ағылшын тілін мүлде оқытпау керек. Латын жазуына негізделген қазақ сөздерін сауатты жазып, оқып дағдылана қоймаған балаға ағылшын тілін үйретуге болмайды.
Тілдік санада ағылшын тілінің әріптері сақталып қалған балалар кейін қазақ тілін үйренген кезде ол таңбаның басқаша дыбысталатынын қабылдай алмай, шатастыратын болады.
Бала бастауыш мектепте қазақ тілі бойынша сауатты жазып, әбден дағдыланған соң ғана шет тілдерді үйретуге болады. Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек.
Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды.
Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар.
Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды.
Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес.
Сондықтан Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейту керек. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек.
Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты.
Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағына, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет”.