Мемлекеттік тілде шығатын ақпарат құралдарын тұншықтыру саясаты жүріп жатқан жоқ па осы? Іргеміз түрулі онсыз да. Ақпараттық кеңістігіміз ашық-шашық. Ресейден келетін газет-жорнал мен кітаптар елдегі сауда дүкендерінде самсап тұр. Көр де тұрыңыз, ертең мұның салдарын тартамыз. Сорлайтын боламыз, Құдай біледі!
Abai.kz сайтында жариялаған мақаласында саясаттанушы Жанұзақ Әкім (суретте) осы ойды қозғаған екен. Анау-мынау емес Астанадағы жағдайды айтып берген. Көзбен көргенін жазыпты. Ол не дейді?
Елдің ақпарат кеңістігіндегі қазақ тілінің үлесі соңғы ғасыр басталғалы 15-18% деңгейінде қозғалмай тұр. Бұл, мемлекеттік тілге деген мемлекеттік органдардың солақай саясатының салдары. Мысалы, елде шығатын 5 мыңнан астам газет-жорналдардың 550-дейі ғана қазақ тілінде.
Алматыдағы бала-бақшаның 10 пайыздайы ғана қазақша… Астананың да оңып тұрғаны шамалы. Онда қазақша газет-жорнал сататын бір ғана дүңгіршек “Артем” супермаркетінің жанында және жалғыз қазақша кітап сататын “Абай” дүкені бар (оң жағалауда). Есесіне Президент мәдени Орталығына (сол жағалауда) кітап іздейтіндер “Русский мирға” барады.
Сол жағалау әзірге қарағайға қарсы біткен бұтақ болып қалуда. Сол жағалаудадағы 20 мыңнан астам шенеуніктер қазақша газет-жорнал, кітап оқымайтын болғаны ғой.
Бұл жерде Астанадағы бастық інісін іздеп ауылдан барған ағасының сөзі еске түседі. Онда, ағасы елдің бар жаңалығын түгелдей айтып болғаннан кейін, “агашка я все понимаю, но не могу говорит” деген інісіне, қарағым-ау “менің итім де бәрін түсінеді, ол да сөйлей алмайды” деген екен.
Астана жанындағы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының орталығы, Біржан салдың туған ауылы “Степняк” деп аталады. Ал, Бурабайдың санаторийларында қазақ телеарналары мүлдем көрсетпейді екен. Сонда, әкімдер т.б. мемлекеттік органдар “ай қараудан басқа не істейді?”.
Бұл, болашағы жоқ, бодан болуға дайын отырған мемлекеттің алғышарттары. Осындай қоғамда “боданнан құл туады, құлдан жетесіз ұл туады!”.
Алдағы ұрпақтар осындай тексіздер болмас үшін күні-түні күресу керек. Себебі, бұл коррупциядан да жаман, сананы билеген рухани дерт. Рухсыз қоғам басы бірікпейтін құлдардан тұратын тобыр болады.
Әкімнің айтқаны дұрыс, әрине. Сол жағалауда 20 мың шенеунік тұратын рас болса, олардың қазақ газет-жорналдарды оқымайтыны тағы да рас. Солардың ішіндегі серкелері осы уақытқа дейін қазақтілді БАҚ-қа мемлекеттік тілде сұхбат бергенін көрдіңіз бе, естідіңіз бе? Естімедік. Көрмедік. Өкінішті…
Қазақтілді сегментпен санаспағаны өз алдына, мұндайлар Қазақстандағы ішкі жағдайда ресейлік БАҚ-қа сұхбат беру арқылы баяндағанды жөн көреді. Не үшін? Кім үшін сонда? Ресейдегі жұртты Қазақстанның ахуалы қызықтырады деп ойлай ма?
Жағдай жақын арада өзгереді деп тағы алмайсың.
Билікке орыстілді шенеуніктердің жаңа буыны келіп жатыр, өйткені. Сонда біз қай елміз, қандай елміз?
https://kaz.365info.kz/aza-stan-nege-li-k-nge-sovetskij-brendterdi-sa-ynyp-zh-r-210465