Әнші халықаралық ән додасына қонақ ретінде шақырылған. Ол 2015 жылы осы байқаудың Гран-приін жеңіп алған болатын.
Әншінің ән айтқан видеосын оның директоры Алпамыс Шәрімов желідегі парақшасына жүктеген. Кадрда бүкіл зал толы көрерменнің әншінің өнеріне тәнті болып, қол соққаны анық көрінеді.
“Димашты екінші жыл қатарынан құрметті қонақ ретінде шақырып жатыр”, – деп жазады Шәрімов.
“Биыл “Славян базары” байқауында екінші жыл қатарынан құрметті қонақ ретінде өнер көрсеттім. Осы мүмкіндікті маған сыйлап, шексіз ілтипаттарын көрсетуден жалықпайтын фестиваль ұйымдастырушыларына шексіз алғыс айтамын! Мені алыстан қолдап келген барша жанкүйерлерге де мың алғыс! Саxнаға шыққан кезден бастап Сіздердің энергияларыңыз мені ерекше көңіл-күйге бөледі!”, – деп жазады Димаштың өзі.
Ол биыл “Славян базарына” еліміздің атынан қатысып жатқан жас әнші Айри есімді отандасымызға сәттілік тілеп, ақ тілегін айтқан.
“Өкінішке орай, жүлделі орын алмаса да – мен Оны қолдап, амфитеатрда нағыз лайықты өнер көрсеткенімен құттықтағым келеді!!! Айридің дауысы ерекше, болашағы зор! Барша жанкүйерлеріме, замандастарыма жас әншіні қолдауға шақырамын! Айтпақшы, “Славян базарына” домбыраны алғашқы алып шыққан Айриге өз атыманан раxмет айтамын!!! Алдағы үлкен шығармашылығыңа сәттілік!!!”, – дейді Димаш.