Ақтөбедегі су тасқынынан кейін 95 үй тұруға жарамсыз болып қалды. Іргетасы сөгіліп, бағалаушылардың шешімімен үйі тұруға жарамсыз деп танылған ақтөбелік Ақтөле Өтешова бір айдан бері әкімдік жағалап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде баспанасы қирап қалған адамдардың басым бөлігі үй салып жатыр. Оларға Қурайлы, Өрлеу, Сазды, Қызылжар ауылдарынан жер берілді. Бірақ ақтөбелік Ақтөле Өтешова бір айдан бері әкімдік жағалап, басшылардың жауабын ала алмай жүр. Ол да өзгелер сияқты жер алып, құрылыс материалдарына қажетті қаржыға қол жеткізгісі келеді.
А. Өтешова екі айдан бері 60 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Балаларының жұмысы тұрақсыз. 2011 жылы салған үйі жарамсыз күйге түскен соң Өтешова арызын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолына ұстатты.
«Жер қатынастары бөлімінің мамандары үйді барып қарайды. Алдын-ала ештеңе айта алмаймын. Бағалаушылар бізге құлағалы тұрған үйлердің тізімін беріп жатыр. Біз сол бойынша жұмыс істеп, жер берудеміз. Бәрін комиссия шешеді», – деді қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.