Осы біз үндемейміз ғой. Иә, үндеместігіміздің зардабын тартып жүрміз.
Бірақ, бәрібір де үндемейміз ғой. Ал сіздер ше, орыстілді әріптестер?
Орысша сұхбат бермеген үшін біреуді “нацист” деп атауға қалай ғана ауыздарыңыз барды?
Кеше көрдік. Қазақ тарихындағы ескерткіштер тақырыбына арналған шарада “Рика” арнасы Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратовтан сұхбат алыпты. Тілші орыс тілде ақпарат алуға ниеттенген кезде Фархат Досмұратов орысша сұхбат беруден бас тартқан.
Көрдіңіздер ме? Бұл арадан қандай “нацистікті” көрдіңіздер? Жоқ, ұлтшылдық емес, нацистік. Журналист солай деп отыр. Сіз “нацистсіз” дейді.
Айтпақшы, әріптесіміздің аты Ләззат Сақиева екен. Қазақ. Көрдіңіздер ме? Қазақ қазақты қазақша сөйлегені үшін айыптады.
Айтыңызшы Ләззат, әлгі азаматтың сөзін аударып беру қиын болды ма сізге? Біз осы қыңқ демейміз ғой. Шенеуніктер жалпыға түсінікті тілде сөйлегенде үндемейміз ғой. Терлеп-тепшіп аударамыз артынан.
Бір нәрсені түсінсеңізші,
Қазақстан қазақтанып келеді. Сіз де соған қарай бейімделмейсіз бе, қарсы тұрғанша?
“Біз шара өткізілетін жерге редакция тапсырмасымен барғанбыз. Ұйымдастырушылардан екі тілде ақпарат бере алатын маман тауып беруін сұрадық. Бас инспектормен қазақ тілінде амандастым, сөзімді қазақшадан бастадым. Телекомпаниядан келіп тұрғанымды және екі тілде ақпарат алатынымды ескерттім. Ол кісі бірден орыс тілінде беруден бас тартты. «Мен орыс тілінде бермеймін» деді. Әрине, орысша сөйлей алмайтындар да болады. Оларға түсіністік танытып, аударма жасаймыз” – депті бұған қатысты Nur.kz ақпараттық сайтына түсінік берген журналист. Ал не дейсіз?
Сонда әлгі адамның ресми тілден бас тартуға құқы жоқ па? Мұндай заң бар ма еді өзі? Айтпақшы Фархад Досмұратовты нацист деп айыптаған журналист Назарбаевтың мына видеосын көрсінші. Abai.kz сайтындағы әріптестеріміз орайына келтіре дәл тапқан екен. Көріп, ойлансыншы…
Сосын Досмұратов та шындықты айтты ғой. Қазаққа, қазақтың тарихына қатысты шараларға қызығатын аудитория бар ма өзі? Жоқ. Ілуде біреу. Қазаққа, қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты шаралардың денін айналып келгенде өзіміз көреміз. Бұл өзімізге ғана керек. Өзімізде ғана қалады, өйткені. Солай.