“Нұрлы жер” тұрғын үй құрылыс бағдарламасының қаржылық операторы Қазақстан ипотекалық компаниясы Қазақстан азаматтары үшін ипотекалық қарыздарды қаржыландыру бағдарламасын іске қосады.
Бұл бірінші баспананы алу кезінде берілетін, жалпы сомасы 120 миллиард теңгедей 8 мың қарызды қамтуға мүмкіндік туғызады. Осылайша, “Нұрлы жер” бағдарламасын іске асыру еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамытуға қосымша күш береді.
“Ипотекалық қарыздарды қаржыландыру бойынша бірінші баспананы алу кезінде жылдық ипотекалық мөлшерлеме 10 процентті құрайды.
Бірақ қаражаттандыруға дейінгі банк мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаржыландыру туралы шешім қабылдаған кездегі базалық мөлшерлемесінен 5 проценттен артық аспауы керек”, — деп түсіндірді “Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” АҚ басқармасының төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Қаржыландыру жылжымайтын мүлік құнының 30 проценті бастапқы жарнасы болған жағдайда 10 жылға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
Алматы мен Астана бойынша несиені қаржыландырудың ең жоғарғы сомасы 20 миллионды құрайды, ал облыстарда — 15 миллион теңге. Қазіргі уақытта еліміздегі банктермен бағдарлама бойынша қаржыландырылған қарыз беру туралы келіссөздер жүргізілуде. Қазақстан ипотекалық компаниясы тарапынан 7 банкпен келісімге қол жеткізілді — Банк ЦентрКредит, АТФ Банк, Сбербанк, Bank RBK, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Tengri Bank.