Жақында депутат Бекболат Тілеухан көтерген қаржы пирамидасы мәселесі бойынша Questra Holdings Inc. компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы өз сайтына арнайы хабарлама ілді.
Айта кетелік, бірер күн бұрын депутат Бекболат Тілеухан ҚР Бас прокуратурасына елімізде заңсыз жұмыс істеп жатқан, елге көк тиын пайда жоқ, керісінше талай елді қан қақсататын қаржы пирамидаларының бірі – Questra World-ты ауыздықтауды сұрап, арнайы сауал жолдаған еді.
“Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органдарының қызметкерлері биыл 15-наурызда Questra Holdings Inc. компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғады. ҚР Ішкі істер министрлігіне бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді”,
– делінген Бас прокуратураның сайтында.
Прокуратура өкілдері қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді.
https://kaz.365info.kz/kim-zhaman-ykimet-zhaman-deputat-questra-kharzhy-piramidasy-turaly-shyndykhty-ajtty-261522
“Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек.
Екіншіден, олар шет елде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шет елге шығарылады. Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз.
Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп үнемі ынталандырып отырады. Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызыметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы және ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы)”, – делінген прокуратураның мәлімдемесінде.
Осыған байланысты
ведомство өкілдерді алаяқтарға алданып қалған жағдайда полицияға немесе экономикалық тергеу қызметіне жүгіну керектігін айтып өтті.
“Ұлттық банкпен, ҚР Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз. Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз. Күмән туған жағдайда, ақшаны салмас бұрын құқық қорғау органдарына жүгінген жөн”, – деді прокуратура өкілдері.