Қазақ әліпбиін латынға көшірудегі асығыстық қосымша проблемалар туғызуы мүмкін.
Танымал лингвист-жазушы Олжас Сүлейменов қазақтардың латын әліпбиіне көшуге наразылығын осылайша жұмсартып жеткізіп, сұқбат беріпті.
Онымен қоймай, кириллицаны ұлықтап, аяғын жер-көкке жеткізбей мақтапты. Онда да қысқаша қайырыпты.
Олжас Омарұлының айтуынша, кириллица қыпшақ топты түркілер мен славяндар үшін ортақ мәдени мұра болып табылады. Ол кісі қазір осынысын дәлелдейтін үлкен мақала жазып жатқанға ұқсайды. Бұл туралы Олжас Сүлейменовтің өзі Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұқбатында айтты. Ендеше, дайындала беріңіздер…
Әзірге айтқаны, былайша келеді:
“1929 жылы біз латынға көшуге тырысып көрдік. Ол кезде біз прогрессивті қайраткер Ататүрікке еліктедік. Ол ислам ығынан шығып, Еуропаға жақындау мақсатында әліпбиді латынға ауыстырды. Бірақ проблема латын тілінің жансыз, жай ғана механикалық белгілер жиынтығы болып келуінде болды емес пе?”, — дейді Сүлейменов.
„Менен сұрамай ма„, дегенді меңзеген Олжас ағамыз латынның шашбауын көтеріп жүрген біздегі зиялы қауымды да сынап-түйреп өтіпті.
Олардың жазығы – оның “Тюрки в доистории” кітабын оқымауында екен.
“Кириллицаны құндылық деп ұғыну қажет, ол құндылықтан бас тартуға болмайды. Бұл туралы мен “Тюрки в доистории” кітабында жазған болатынмын. Ол 2001 жылы жарық көрді. Ғылым академиясы бұл кітапты Күлтегін сыйлығымен марапаттады.
Бірақ оқымаған көрінеді. Немесе бұл мәселе бұрындары-ақ ғылыми орталарда талқыланып, ой елегінен өткізілген болар еді. Бірақ ол орталарды да көріп отырған жоқпын”, — деп атап өтті Олжас Омарұлы.
Ол, “ж” және “з” әріптерін қыпшақтардың ойлап тапқанын және олардың көне түркі орхоно-енисей әліпбиінде жоқ екенін түсіндірді.
Бұдан тыс, Олжас Омарұлы өз сұқбатында қазақы ортаның басым бөлігі наразы үштілділік мәселесін екі қолдап қолдайтынын, қазір осыған көбірек мән беру керектігін жеткізіпті.
“Менің пікірімше, латынға көшуде асығыстық танытсақ, бұл халқымыздың дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
Қазір елімізде өте жақсы жоба – үштілдік жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа ұрпақ, мектептерде, сөзсіз, осы жолмен жүреді. Және де олар классикалық халықаралық латынды меңгеріп алады, оны пайдалану арқылы әлемдік ғылым мен техника жетістіктеріне қосылуға болады”, — деді Сүлейменов.
Олжас Сүлейменовтің ойынша, әліпби, ең алдымен, тілмен байланысты болуы тиіс.
Өзбек, әзірбайжан немесе түркімен латынына еліктеу прогресске әкелмейді
– дейді ақын.
Оның сөзіне қарағанда, латын мен кириллица арасындағы күрес бүкіл дүниежүзіне тән. Бүгінде әліпбилердің бұл жарысына арабтың өрме жазуы мен қытай иероглифтері де түсіп жатыр. Жазушы, әзірге ойлануға уақыт бар кезде латын әліпбиіне өтудің барлық пайдасы мен кемшіліктерін саралау қажет екеніне сенімді.
“Үкімет қана шешпейді ғой, рас па? Біз демократиялық елде өмір сүреміз, өз жолымызды талқылап, таңдап алайық”, — деп мәлім етті Сүлейменов.
Сөз соңында, жазушы кириллицаның шығуы мен оның түркі-славян мұрасындағы орны туралы мақала дайындап жатқанын айтты.
Аян Мырзабек