Оңтүстік Кореяда іссапармен жүрген АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенс 17 сәуірде Корея республикасы (Оңтүстік Корея) мен Корей халық демократиялық республика (Солтүстік Корея) арасындағы қарусызданған аймаққа барды. Онда ол АҚШ-тың Дональд Трамп басқаратын жаңа әкімшілігінің Солтүстік Кореяға қатысты “төзімділік стратегиясы” саясатын ұстануға ниеті жоқ екенін мәлімдеді.
“КХДР-дың ядролық зымыран проблемасына қатысты “төзімділік стратегиясы” дәуірі аяқталды”, – деп мәлімдеді ол.
Пенстің әкесі 50-жылдары Кореядағы соғысқа қатысқан. Сол себептен де Пенс әскери одақтас ретінде Вашингтонның Сеул алдындағы қатынасы берік деді. Ол да Трамп секілді түбекке қатысты Американың әскери іс-қимылын талқылаудан бас тартып, АҚШ бейбітшілікке ұмтылады деді. Бірақ ол бейбітшілікке әрқашан күш қолдану арқылы қол жеткізетінін түсіндірді.
“Барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр, біз түбекті ядролық қарудан азат ету үшін және Оңтүстік Кореяның гүлденуі мақсатында корей халқының иығына иығымызды қойып, бірге тұруды жалғастырып келеміз” деді Пенс.
Соңғы аптада Корей түбегінде жағдай күрт нашарлады. Солтүстік Корея Ким Ир Сеннің 105 жылдығы қарсаңында әскери парад өткізіп, ядролық оқтұмсық зымыранын ұшырды. АҚШ түбекке әскерін жөнелтіп, Оңтүстік Кореямен бірлесіп, тойтарыс беруге дайындалды.