12-cәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Сирияның Идлиб елді-мекенінде химиялық қару қолдануын бажайлаған резолюцияны қабылдау дауысқа салынды.
Бұл құжаттың мәтінін АҚШ, Франция және Ұлыбритания әзірлеген. БҰҰ сайтының мәліметіне сүйенсек, құжатта көтерілген мәселені қолдап 10 мемлекет дауыс берген, бірақ соған қарамастан ол қабылданбады.
Ресей Федерациясы мен Боливия вето құқығын пайдаланып, құжатқа қарсы дауыс берді. Қазақстан, Қытай мен Эфиопия дауыс беру кезінде қалыс қалған.
«Резолюция мәтіні Сириядағы Идлиб елді-мекеніндегі Хан-Шейхунда 4-сәуірде орын алған оқиғаны айыптайды. Онда БҰҰ-ның химиялық қаруды қолдануға тыйым салатын миссиясын қолдауға шақырамыз. Оған сәйкес, біріккен тергеу тетіктерін пайдалана отырып, барлық сарапшыларды оқиға орын алған жерде бола алатындай жағдай туғызуды, сириялық барлық саяси тарапты осы тетікпен әріптестікте жұмыс істеуге шақырады», — деді БҰҰ жанындағы Ұлыбританияның тұрақты өкілі Майкл Райкрофт.
Алайда Ресей резолюция авторларының тергеу басталмай жатып, оған кінәлілерді анықтап, АҚШ-тың Сирияның Шайраттағы әуе базасына зымырандармен соққы жасауын заңды етіп көрсеткісі келгеніне баса назар аудартты.
Мәскеу бұл халықаралық құқықты бұзуда жасалған соққы деп санайды.
«Біз америкалық тарапқа улаушы зат қолданды деп болжанған Хан-Шайхунға және Шайрат әуебазасына барып, тексеру үшін, ең алдымен, тәуелсіз халықаралық сарапшыларды құрып алайық, оған қоса Узюмджю-дың бас директорына бірігіп өтініш жасайық деп ұсыныс айтқанбыз. Мемлекеттік хатшы Тиллерсон бұл мәселені қарайтынын айтқан, біз өз кезегімізде Вашингтон бұл ұсынысқа салмақты қарайды деп үміттенеміз», — деді Ресей өкілі.
Дауыс беруден соң АҚШ елшісі Никки Хейли Ресей тағы да Асад режимі жағына шығып кетті деп мәлімдеді.