Алматылық дизайнер Бекзат Исамбергенов ұялы телефонда қолданылатын стикер сипатында бір топ қазақ зиялысының бейнесін жасап шықты.
Көрдіңіздер ме?.. Осы заманға, қазіргі жас буынға лайықталып жасалған бұл дүние отандық мультфильмнен бастап, оқулықтарға дейін өздігінен сұранып тұр емес пе?.. Жаңашыл министр Ерлан Сағадиев білім саласында өзін түсінбей жүргендер барын айтады ғой.
Міне, хай-тег, міне жаңашылдық!
Неге осы суреттерді оқулықтарға кіргізбеске? Білім министрі бұл ұсынысты негізі құп көруі керек.
Біз емес пе ортаға ой, жаңа идея тастамай жүрген. Ол кісі жаңа ойларды үнемі күтіп жүреді, қоғаммен санасады. Мұны өзі айтты ғой. Ендеше, министр мырза, құлағыңызға алтын сырға!
Қазақы болмысы бар бұл стикерлер дизайнердің Facebook-тегі жеке парақшасында жарияланыпты.
„Қазақстанның мәдениет қайраткерлері XXI ғасырда өмір сүрсе, қалай болады„ деп ортаға сауал тастаған Бекзат Исамбергенов “Енді қалай, Сіздерге?” деп өз сауалына суреттермен жауап берген.
Суретте қазақтың ұлы тұлғалары – Абай, Шакәрім, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов бейнеленген. Аниме стилінде салынған қазақтың ұлы тұлғалары суреті жанында олардың атақты қанатты сөздері де берілген.
Бұл туындылар көпшіліктің көңілінен шығып, оны көптеп бөлісіп жатыр. Пікір қалдырушылар дизайнерге қазақтың басқа да тұлғаларының суретін салуды өтінген.
Оның ішінде әйел қауымының да. Мәселен, Күләш Байсейітованың, Фариза Оңғарсынованың, Дина Нұрпейісованың суретін салу ұсынылды.
Бекзат Исамбергенов – Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Отандық мультфильмдерді жасаушы, жарнамалық жобалармен де айналысады.
Ал әлеуметтік желіде Август Кид деген лақап атпен танымал.