Әлеуметтік желіде жалақысын ала алмай, төзімі таусылған ер азаматтың жұмыс берушілеріне тапаншамен тап берген видеосы жарияланып, ол кеңінен талқыға түсіп жатыр.
Бұл видео “ВКонтакте” және Instagram желілеріндегі “За тебя, Бәке / ZTB” тобында жарияланыпты. “Осындай жағдайға жеткізді. Ер адам жалақысын бопсалап жатыр”, – делінген видеоның сипаттамасында.
“Мен, не қайыршымын ба, алдарыңда алақан жайып отыратын. Саня, бар деймін саған, бар!.. Енді тағы қайталап сұраймын, менің жалақым беріле ме, берілмей ме?.. Қашан?..” деген ер адам кері бұрылып, кетіп бара жатқан ыңғай танытып, шалбарының ышқырынан тапаншаны алады да, есікті жауып қайтадан оралады. Сөйтіп тапанша кезенген адам ақшасын талап етеді.
Видеоны жұмыс беруші тараптың бір өкілі түсірген. Ер адам нақты жауап ала алмаған соң тапаншасын шығарып, “операторға” кезейді.
Желіде пікір жазғандарың басым бөлігі ер адамның үлкен сомаға жеткен ақшасын ала алмай жүргенін айтып отыр. Instagram желісіндегі топқа жазылған пікірлерде кейбір қолданушылар ер адамның 700 мың сомасындағы қаражатты ала алмай жүргенін айтқан. Фирма нысанды өткізіп болған соң басқа қалаға көшіп кеткен деседі. Ал осы әрекеті үшін, қолданушылардың мәліметінше, ер адам шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылған.