Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарының бес мәрте жүлдегері атанған шаңғышы Анна Шевченкоға Павлодар облысының әкімі жас спортшылармен кездесу кезінде екі бөлмелі пәтердің сертфикатын табыстады, – деп хабарлайды pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасаған Қазақпарат.
Анна Шевченко пәтер алу өзінің арманы екенін айтты.
«Бүгін тағы бір арманым орындалды. Маған қолдау танытқаныңыз үшін рахмет. Алғашқы жүлдемді алған соң маған облыс әкімі хабарласып жатыр деп тұтқаны берген кезде, қалжың деп ойлаған едім. Дегенмен көңіл сүйсіндірерлік іс болды», – деді шаңғышы.
Айта кетейік, XXVIII қысқы Универсиада ойындарында Павлодар облысынан 10 спортшы өңір намысын қорғап, 11 жүлде ұтып алды. Анна Шевченко үш қола, бір күміс және бір алтын медаль еншілеп, бір Универсиадада бес рет тұғырға шыққан тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.