Облыстық этика кеңесінің мүшелері Ұлытау ауданы Жезді кентінің әкімі Бақтияр Нұрбалаевқа қатысты әкімшлік істі қарады. Кеңес қорытындысы бойынша шенеунікке ескерту жасау туралы шешім қабылданды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қызметтік тергеудің материалдары бойынша, “сен” деп сөйлегені үшін жазаланған ауыл әкімі бұл сөзді әкімдіктің бұрынғы қызметкері мен оның ата-анасымен өткен кездесу барысында айтқан. Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлерінің мәліметтеріне қарағанда, әкімдіктің бұрынғы қызметкері осыған дейін келісімшарт бойынша жұмыс істеген, содан жұмыста болған дауға байланысты ол қызметінен шеттетілген. Алайда оған қарауыл қызметі ұсынылған екен. Бірақ ол одан бас тартып, әкімдікке осы мәселені шешу үшін ата-анасымен бірге келген. Әкімнің айтуынша, бұл отбасы әкімнің жұмыс бабы бойынша жиналыс өткізіп жатқан жеріне баса көктеп кірген. Әкімге амалсыздан оларды қабылдауға тура келген. Осылайша әкіммен кездесу барысында қыздың әкесі шенеунікке наразылығын білдірген. Қыздың ата-анасы тарапынан айтылып жатқан қысымға шыдай алмаған ауыл әкімі қыздың әкесіне “сен” деп жауап берген. Ал қыздың әкесі болса, осы сәтте телефонын алып, оны видеоға түсіріп алған. Содан ол бұл видеоны түрлі мемлекеттік органдарға жолдап, ауыл әкімінің жауапкершілікке тартылуын талап еткен.
Жазаға тартылған ауыл әкімі Бақтияр Нұрбалаевтың егде жастағы кісі екені белгілі болды. Этика кеңесі барысында оның зейнетке шығуына бірнеше ай қалғаны анықталды. Әкім өз кінәсін мойындады. Бірақ Кеңес мүшелері бұл дауда екі тараптың да кінәлі екенін айтты. Сондықтан әкімге тек ескерту жасалған.