Сот процесі кезінде прокурорлар екі экс-шенеунікті жауаптан босатты.
Қарағанды облысының Көкпекті ауылында болған су тасқынынан зардап шеккендер жаппай сотқа арызданды. Қазіргі күні азаматтық істер жөніндегі сотқа барлығы 230 шағым түскен, деп хабарлады „Хабар-24„ телеарнасы.
Осыдан кейін су қоймасының қожайыны Владимир Крючков, Көкпекті ауылының сол кездегі әкімі Бақытжан Смаилов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бұрынғы басшысы Ринат Жантүліков сотқа тартылған.
Алайда сот процесі кезінде прокурорлар екі экс-шенеунікті жауаптан босатты. Ал Крючков 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Судьяның айтуынша, сотқа арызданғандардың қатарында ауыл тұрғындарымен қатар мемлекеттік органдар да бар.
Жанна Сейдалина, Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы:
– Көкпекті ауылындағы қираған үйлерді қалпына келтіруге мемлекет қыруар қаржы жұмсады. Енді соның қайтарымы болу керек қой. Сондықтан бұл шығынның барлығын Көкпекті ісі бойынша сотталған азаматтардан өндіріледі.
Еске сала кетелік, жаздағы сот отырысы кезінде су қоймасының қожайыны Владимир Крючков өзін кінәлі санамайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, ол су қоймасының жағдайы қиын екенін айтып, ең бірінші дабыл қаққан адамның бірі. Бірақ оның мұң-зарына ешбір шенді құлақ түрмеген.