Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарындағы қардың мөлшері нормадан бір жарым-екі есе асқан. Өңірде тозығы жеткен 27 ескі су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қардың шамадан тыс көп болуы 110 елді-мекенде су тасқыны қаупін тудырып отыр, деп хабарлайды YK-news.kz.
«Әдетте, су тасқыны кезеңінде ең қиын жағдайға Зырян және Қатонқарағай аудандары тап болады, сондай-ақ табиғи апат сәуірдің соңы мен мамыр айының бас кезінде орын алуы ықтимал.
Ертіс өзенінің иректелуі салдарынан Бесқарағай ауданында сең кептеліп, су жиегінен тасып кетеді. Бұдан басқа, таулы өзендердің көптігіне байланысты Тарбағатай, Үржар, Зайсан аудандарында су тасқыны қаупі сақталады», – деп мәлім етті ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды ескерту бөлімінің бастығы Алексей Штыкель.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы 110 елді мекенде көктемгі су тасқынының болуы ықтимал.