Ресей мен Қазақстан шекарасындағы «Орск» бекетінен 36 мың литр бензинді заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды.
Бұл туралы «РИА Оренбуржье» хабарлады.
Күдікті жүк көлігін ресейлік кеденшілер өткен жылдың шілде айында аңғарған. Ол Қазақстаннан келген. Жүргізуші цистернада дизель отыны бар деп құжат көрсеткен. Алайда арнайы сараптама қорытындысы оның АИ-95 екенін айғақтады.
Бір айдан соң 2016 жылдың тамызында осы «Орск» бекетінде тағы бір автоцистерна ұсталады. Бұл жолы көлік жүргізушісі АИ-92 бензинін әкетіп бара жатырмын деп құжат көрсеткен. Алайда сараптама тағы да оның АИ-95 жанар-жағармайы екенін айғақтады.
«Ресей Федерациясы үкіметінің қаулысына сәйкес, мұнай өнімдері, соның ішінде бензин стратегиялық тауарға жатады. Осыған байланысты Орынбор кеденшілері бұл фактілерге қатысты «Контрабанда» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», — деп хабарлады Орынбор кеденшілері.