“Менің күйеуім ақша таппайды. Еш қозғалғысы келмейді. Осы отбасын мен асырап келемін. Шаршадым!” деп келеді келіншектер.
Табиғатында тіптен табыс таппайтын ерлер болмайды. Әдетте, пысық, табыс табуға епті ерлерден бөлек, оны ылғи ата-анасы өбектеп, бар жағдайын жасап, не әйелі ердің міндетін өз мойнына алып оның ақша табу ниеті басылып қалған ерлер болады. Ер адам отбасын асырай алмаған жағдайда бұған әйелі кінәлі. Қателіктің бәрі екі жас жаңа бас қосқан кезде басталады. Күйеуіңіз үйге аз ақша әкелді ме, сәйкесінше дастархан жайыңыз. Біздің аналарымыз секілді жоқтан бар жасап, қарызға алып, туыстан сұрап алып тамақты толтырып қоймаңыз.
Ешқашан пәтер ипотекасының бастапқы жарнасына, бизнесін бастауға ақша тауып беруге тырыспаңыз. Төркініңізден ақша алып беріп, күйеуіңіді жұмысқа тұрғызуға шенеунік ағаңызбен келісіп өзі ізденуі керек кезде жолын кеспеңіз. Ортақ мақсат қойып, бағытын көрсетіңіз. Үй, көлік, балалардың білімі секілді негізді мақсаттарды алға тартыңыз. Әкелген табысын онды-солды жұмсамай, үнемдеп, ақша жинай алатындығыңызды дәлелдеңіз. Үйде тамақ алуға ақша болмай, балаларыңыз құр рожки жеп отырса да, қозғалмай шыдаңыз. Амалын тауып балаларға манты жасап бермеңіз. Сабырлы болыңыз. Қай жағдайда да түбінде сабырлы әйел жеңіске жетеді. Балаларды аш қойып, қалай балалар үшін сабырлы болу керек дейсіз ғой? Баланың қамын әріден ойлау керек.
Сіз қазірден бастап азық табуға жүгірсеңіз, өмір бойы өзіңіз осы жүкті арқалап өтетін боласыз. Әйел емес, терминатор болып өтесіз. Және бір өкініштісі, әйел адамның өмір бойғы табысы, әдеттегі табыс тапқыш ерлердің табысынан анағұрлым аз. Ал қазір шыдап еріңіздің табыс табу потенциалын бір ашсаңыз, балаларыңыздың болашағын қамтамасыз еттім дей беріңіз. Мұндай амалдар жасауға еш ұялмаңыз. Бұл әйелдің айласы емес, ақылы. Бүкіл отбасын асырауға жететін қабілетіңіз бір өзіңізді асырауға жетеді, білемін. Мұның барлығы балалар үшін.
Ердің өзін еркек ретінде сезіне алу үшін. Сеніңіз, ердің алдында осының бәрі менің арқам деп шалқаю үшін денсаулықты құртқаннан гөрі “Осының бәрі әкелеріңнің арқасы” деп нағыз әйел ретінде тірегіңнің ығында уылжып өмір сүрген әлдеқайда әдемі.
Динара Болат
Фейсбуктегі парақшасынан