Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

«Оны еркек екен десем…» Қапшағайдағы Анардың оқиғасы

200

Анар Қапшағайда тұратын. Жұмысы Алматыда. Күнделікті Алматыға қатынау үшін былтыр несиеге автокөлік алған болатын. Екі кішірек баласы бар, оларды анасы қарайды. Үлкені жоғарғы оқу орнына былтыр түскен.

Жолдан табылған жігіт

Бірде Қапшағайдан шыға берісте бойы ұзын, мұнтаздай киінген, бірақ қарын байлаған ер кісі қол көтеріп тұр екен. Бәрібір қалаға кетіп бара жатқасын ала кетейін деп ойлаған Анар әлгіге тоқтады. Баратын жері – «Сәтпаев пен Софьяның қиылысы».

“Фуу, какой мерзкий, қарнын ай, көлігім қисайып қалды ғой”, – деп ойлаған ішінен Анар. Жолда келе жатып сөйлесті: оның 40-тан екі-ақ жас асқанын білді, өзімен түйедей құрдас! Кейпіне жас қосып тұрғаны – қарыны мен кекселігі ғана сияқты. 93-шы жылдардан кейін Ангола мен Африкада құпия қызметте болыпты, біраз жыл Ресейде “сексот” болғанын айтты. Ангола мен Африкадағы қызметінің бір жылы үш жылға бағаланып, 34 жасында полковник атанғанын мақтанышпен жеткізді. Бес жыл бұрын Қапшағайдағы «элитный» үйлердің бірінен пәленбай мың долларға пәтер сатып алғанын айтты. Жақында джипін соғып, уақытша жаяу жүр екен. Екі ұлы мектеп бітіруге жақын, қызы ҰҚҚ академиясында оқиды екен. Қара құрлық елдерінде болған қызметі жайлы әңгімелер айтып, талай рет өлім аузынан қалғанын, қарапайым халықты қорғағанын әсермен әңгімеледі. Анар ұйып тыңдады. Көз алдында запастағы полковниктің беделі арта түсті. Түсерде телефон нөмірімен алмасып, кейін Мұратбекпен жақын араласып кетті.

Мұратбек әйелінің Қызылорда облысында тұратын әке-шешесімен соңғы он жылдай тіл табыса алмай, мүлдем араласпайтынын, әйелімен де ара-қатынасы нашарлап, ажырасқалы жүргенін айтты. Оған имандай сенген Анар күн өткен сайын оны жаңа қырынан танып, таңырқай берді. Салмақты. Екі тілге де сауатты. Нақыл сөздерді нақышына келтіре айтқанда, екі жоғарғы оқу орнын емес, төртеуін бітірген бе деп қалды. Ең бастысы, Африкада танысқан Ирандық жолдасы екеуі Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылық жоба ашқалы жатыр екен. Анарды соған жұмысқа алмақ болды. Анардың жоғарғы оқу орнына түскен үлкен ұлының оқуы басталар алдында Алматыға көшіріп, 100 мың теңгеге пәтер жалдап берді. Қолынан іс келетін, сөз десе сөзі бар, мейірімді, нағыз “еркектің” өзіне көңілі түскеніне Анар мәз болды.

Тағдырдың берген сыйысың!

Мұратбек бір айдай Анармен, оның балаларымен бірге тұрып жатты. Жаңағы жобаны күтіп, жұмыс істемеді. Анардың қолы тимей жатса, үйде ыдысты да жуа салатын, бөлмелерді де «пылесостай» салатын, тамақ та әзірлейтін бесаспап, армандағы еркек дерсің. Анардың ересек баласымен де қатты достасып алған.

– Сен маған тағдырдың берген сыйысың Анар, өмірде бір рет кездесетін гүлімсің, 20 жыл бұрын неге кездеспедің? Алла бізді бекер кездестірген жоқ, мәңгілік сені сүйіп өтем.

Мұратбектің күнделікті айтатын жылы сөздерінен Анардың ет-жүрегі елжіреп, өзін ең бақытты әйелдей сезінді. Себебі, өз күйеуінен ешқашан ондай сөз естіген емес. Күйеуі томаға тұйық, ішімдегіні тап деген адам болатын.

Содан ауыл шаруашылық жобасына Ираннан адамдар келді. Мұратбек осы жобаға 160 мың доллар қаражат салғанын, енді есепшотындағы қалған қаражаттарының “замарозкада” тұрғанын айтып, Анардың жинаған екі миллион теңгесін сұрады. Ол ақшаға келгендерге қонақ үй жалдап, тамақтандырып бірнеше күн қонақ қылды. Енді жобаның бас демеушісі Ираннан келгенше басқа жерде жұмыс істей тұрамын деп, бір танысының құрылыс фирмасына учаскі бастығы болып Балқаш жаққа кетті. Екі ай жанымда бол деп Анарды да ерте кетті. Жұмыс уақытында әркез Анардың көлігін мініп жүрді. Алматыдағы балалары анасымен тұрып жатқан пәтердің келесі айының ақшасын төлер кезде Мұратбек еңбекақымызды алғасын төлейміз, әзірге біреуден қарыз ала тұр”, – деді Анарға. Одан кейінгі айда да фирма бермей жатыр, бергенде бірақ төлерміз, танысың болса, тағы қарыз ала тұру керек”, – деді. Осылайша екі айда Анар 220 мың теңге қарыз алып, Мұратбекке сеніп жүре берді. Арасында әйеліммен ажырасып жатырмын, пәтерді оның атына аударып жатырмын деді. Осылайша құрылыс аяқталуға жақын қалып, үшінші айда Анар Алматыға қайтып оралды. Нысанды өткізуге қалған Мұратбек оның көлігін алып қалған. Бір аптадан соң келіп, көлігін қайтарып, фирманың әлі еңбекақы төлемегенін айтты. Әзірге Арал теңізінде өсетін әр келісі қымбат тұратын шаянтектес балықты аулап, мол қаржыға бататынын айтып, жолға шығып кетті.

Сені қарызынан құтылдырам, сенен алған ақшаңды да қайтарам, бір ай күте тұршы. Маған сеніп, ақша бергенің үшін Алматыдан коттедж сатып әперемін, қымбат көлік әперемін.

Бәрі ертегі болып шықты

Бұл – қараша айы болатын. Сол кеткеннен Мұратбек молынан кетті. Анар құрылыс фирмасы бастығының үйіне барды. Ол кісі үйінде жоқ болғанымен, оның зайыбы әрі есепшісі “біз саған қарыз емеспіз, учаске бастығы болғасын, сенің және өзге жұмысшылардың еңбекақысын өзім беремін дегесін, Мұратбекке бергенбіз. Сендер Балқашқа кеткеннен соң бір жарым айдан кейін миллион бес жүз мың алып кеткен”.

Ах! Анардың есіне жақында Балқаштағы құрылыс алаңында жұмысшы болып істеген жігіттің қоңырау салғаны да есіне түсті. “Ақшамызды қашан береді тате”, – деп еді ғой ол. “3 ай болды ғой”. Фирманың есепшісі Мұратбектің жұмысшылардың ақшасын бермегеніне таң қалған жоқ. Себебі Анардың көлігін алып қалған соңғы бір аптаның ішінде құрылыс басындағы фирмаға тиесілі құрал-жабдықтарды, вагондарды, қондырғыларды сатып, қолды қылған екен. Жалпы Мұратбектің әрекетінен фирма қомақты сомаға зиян шеккенін айтып, қазір полицияға арыз түсіргендерін жеткізді. Анар әлгі жұмысшы балаға қайтадан қоңырау шалды.

– Қуаныш, еңбекақыларың жоқ, болмайды да, Мұратбек екі айғы еңбекақымызды алып кетіпті. Фирманың дүниелерін рұқсатсыз сатып кетіпті. Қазір полиция іздеп жүр екен.

– Анар тәте, біз оның үйіне барып ремонт жасағанбыз, екі адам болып, 200 мың теңге беремін деп еді. Оның үстіне бір ай бұрын ауылдан бір жылқының етін әкеп бергем үйіне. Соның ақшасын да әкем сұрап жатыр, енді қайтем?

Анар аңғалдығының салдарынан алданғанын түсінді. Басы айналып, құсқысы келді, жыны ұстады, басы ауырды. Өзіне де обал жоқ, дап-дардай әйел. Мұратбектің айтқандарын, іс-әрекеттерін аз да болса ақылға салып, ойлануы керек еді. Полицияда істейтін танысына қоңырау шалып, аты-жөнін беріп, мәлімет жинап беруді өтінді. Үш күннен кейінгі естігені: “1993-1997 жылдары Ангола мен Африкаға қазақстандықтардың баруы мүмкін емес, ел енді тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жиып жатқан абыр-сабыр кез. Қапшағайдағы үйді жалдап тұрады, оның үстіне, жарты жыл пәтерақы бермеген, үй иесі іздеп жүр оны, үйінде болмайтындықтан, әйелі оның қайда жүргенін білмейді, танысы болғасын, бала-шағамен жалғыз әйелді шығарып жібере алмай отыр. Оның атында 1989 жылғы Ауди көлігі ғана тіркелген. Еш жерде жұмыс істемейді. Қапшағайдың тең жартысына қарыз, елдің бәрі іздеп жүр. Фирманың дүние-мүлкін қолды қылды деген айыппен полиция іздеуде”.

Естіген жаңалықтан есеңгіреген Анардың ойы — қарызға алған 220 мың теңге. Екі милион теңгесі ол кетті. Жұмыссыз, пәтерақысы бар. Бала-шаға тамағы, киімі, көліктің несиесі. Анар күйзеліске ұшырап, үш ай ауруханада жатып шықты.

Енді қайтеді?

Міне, сол оқиғадан бері тура бір жыл өтті. Ауруханадан шықты. Анда бір, мұнда бір жұмыс істеп, тұрақты орын таба алмады. Көлігін банк қайтарып алды. Алғашында құрбысынан алған 100 мың теңгенің қайтаратын уақыты баяғыда өткен, ол соны талап етіп, Анарды сотқа беріпті. Сот орындаушылары екі ай уақыт берген болатын. Осы айдың соңында айлығының 50 мың теңгесі қарызын өтеуге жұмсалады.

Анар енді ғана көңіліндегі жұмысты тауып, еңсесін тіктей бастады. Не болса да, ары қарай өмір сүру керек. Тағдыр ұсынған жақсы болсын, жаман болсын, кез-келген жағдайды қабылдай білу керек. Себебі, мұндай жағдайлардан сабақ алып, өмірдегі тәжірибелеріміздің осындай оқиғалардан жинақталары сөзсіз. Алаяқ, арсыз адам кезікті екен деп өмірді тоқтатуға немесе кейінге шегінуге болмас. Алға қарай адымдап, әр күннен жақсылық күтуден үмітімізді үзбейік.

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз