Қазақтың әйгілі жазушысы, ардақты азаматы Шерхан Мұртаза қазақтың санын көбейтуге қатысты көкейінде жүрген пікірін білдіріпті.
Қаламгердің айтуынша, осылай санымыз аз болып қала берсе, ертең жұтыламыз. Іргемізде Қытай отыр. Теріскейде Ресей. Екі алып ортасында жұтылып кетпеу үшін қазаққа көбейуі керек. Шерхан ағаның сөзінен осыны ұқтық.
“Қазақтың саны аз. Айналасы 15 миллионның ар жақ, бері жағы. Оның ішіндегі 8 млн-ы біздің таза қазақ халқы. Бір-ақ уыспыз. Ал жер деген жетеді. Сонау Алтайдың ар жағынан Атырау жақтағы Азғыр дейтін жерге дейін созылып жатыр. Мынау Тәңіртаудан бастап, сонау Сібірдің шетіне дейін жетеді біздің жер. Осыншама кең жерде бір-ақ уыс ел тұрамыз.
Қайдағы бір гендерлік саясат деген шығып, қайқаңдап кеткен қатындар көп қазір! Отырып қалған қыздардың саны 300 мыңға жететін көрінеді. Бәрі кәрі қыздар! Күйеуге тиетін жағдайы жоқ. Баяғыдай қос-қостан әйел алатын заман тағы жоқ, тоқал болатын. Сонда жағдайымыз не болмақ?
Қазақты, демографиямызды алда не күтіп тұр? Өсеміз бе, әлде осылай қала береміз бе? Ал мына көршің 1 жарым млрд. Сенің 8 млн. халқың олар үшін шыбын шаққан құрлы бола ма, жоқ па? Құран кәрімде не айтылады? Әйелдің міндеті не өзі? Бала өсіру, тәрбиелеу, халықтың санын көбейту емес пе?” дейді жазушы.